Көктегі ұшақтың құлауына жердегі үй иесі кінәлі ме? Bek Air соты басталды — Қазақстан жаңалықтары

0

«Bek Air» 12 адамның өлімін менің мойныма артпақшы деп мәлімдеді ұшақ соғылған үйдің иесі Ришат Қалибек. Алдын ала сот тыңдалымына келген азаматтың қорғаушы жалдауға да жағдайы келмейді екен. Ал журналистерден үнемі қашып жүретін әуекомпаниясының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов бүгін сұхбат берді. Алайда сотқа берудегі түпкі мақсатын не екенін ашып айтпады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Алматыдағы ұшақ апаты

«Bek Air» әуе компаниясының «ұшақ соғылған ғимаратты заңсыз деп тану» туралы талап арызын қарауды Талғар аудандық соты кейінге шегерді. Гүлдала елдімекенінің тұрғыны Ришат Қалибектің қаржы тапшылығынан қорғаушы жалдауға мүмкіндігі болмапты. Ал орысшы бір ауыз сөз білмейтіндіктен орысша жазылған талап арызды оқи алмаған. Сот жауапкердің тыңғылықты дайындалып келуі үшін бір ай уақыт берді.

Ал үй иесі өзін не себепті әуе компаниясының сотқа бергінін түсіне алмағанын жеткізді.Оның айтуынша жерді 14 мың долларға 2014 жылы сатып алыпты. Бірнеше жылдан бері екі қабатты үй тұрғызуға 20 миллион теңге жұмсапты. Енді қорғаушы жалдап қарсы шағым түсіруді көздеп отырған Ришат Қалибек бар кінәні өзіне артып қоя ма деп қауіптенеді.

«Бұлардың барлық мақсаты ол үйді заңсыз деп шығарып, артынан мені сотқа беру. Өздерінің 12 адамның өлімін менің мойныма артып қою негізгі себебі сол. Содан қашу. Жалпы жауапкершіліктен қашу ғой. Өздерінің бұзылған, шіріген самалетінің құлағанына жауап берудің орнына менің үйімді бұзды, қиратты тағы мені жауапқа тартып отыр», — дейді Гүлдала ауылының тұрғыны Ришат Қалибек. 

Бір күнде бар жиған-тергенінен айрылған отбасы енді далада қаламыз ба деп қауптенеді. Ал Талғар аудандық әкімдігі шығынды өтеп беруге уәде бергенімен жеме-жемге келгенде үнсіз қалыпты.

«4-5 жыл салдық, оңай емес. Квартирада тұрдық. Оның барлығын бітіру мүмкін емес, бір күнде быт-шыты шықты. Енді қайтадан қашан үйлі боламыз. Енді бізге арыз тастағаннан кейін, тіптен қиын», — деді үй иесінің жары Ардақ Әбдісадаева.

Ал журналистерден үнемі қашып жүретін Нұрлан Жұмасұлтанов бүгін қысқаша сұхбат беруге келісті. «Bek Air» басшысы басты мақсаты құрылысты заңсыз деп тану деп қысқа қайырды. Бірақ түпкі мақсаты не екенін ашып айтпады.

«Әкімшілік пен үй иесінің қарым-қатынасы қандай екенін біз білмейміз ғой. Сондықтан да үй иесінен сұрағанымыз жөн деп санаймын. Сот отырысы кейінге шегерілетінін өздеріңіз көрдіңіздер, естідіңіздер. Шығынды өтеу мәселесі жайында кейінірек сөйлесейік», — әуекомпания басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов. 

Ришатты сотқа бергеннен кейін әуежай мағындағы тұрғындардан да маза кеткен. Егер ұшақ соғылған ғимарат заңсыз деп танылса өздері де жерінен айрылып қала ма деп қауіптенеді. Ал ұшақ апатына қатысты арнайы комиссия қазір тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросы жер сатуға қатысы бар тұлғаларды қамауға ала бастады. Кеше Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары қамауға алынды. Ол осыған дейін Талғар аудандық сәулет және қала құрылыс бөлімінің басшысы қызметінде болғанда «әуежай мағында 1 гектар аумақты жекеменшікке берді» деген күлдікке ілігіпті.

«Жалғыз біз ғана емес. Анау бетонный завод бар, анау коттеджный городок ол бізге тиіп тұр. Біздің үйдің алдынан 10 метр коттеджный городок тұр. Бетонный завод, ауылдың бас жағы түгел бәрі тиіп тұр. Бізден де жақын тұрғандар бар. Сол үйлер тұрғаннан кейін біз үй салдық, үй салуға болатын шығар деп. Әйтпесе, ол жерде үй салуға ескертсе үй салуға болмайтынын, «тоқтатыңдар» десе, біз сол кезде тоқтататын едік. Ақшамызды салмайтын едік», -дейді тағы бір Гүлдала ауылының тұрғыны Жарқын Қасен.

Естеріңізге сала кетсек өткен жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұрсұлтанға бет алған Bek Air әуе компаниясының ұшағы әуежайдан көтеріле алмай екі қабатты үйге соғылған болатын. Салдарынан бортта болған 98 адамның 12 қаза тауып, 67 жолаушы түрлі жарақат алған еді.

Бұған дейін Bek Air ұшағының құлау сәті видеомен көрсетілгені жайлы айтылған еді. 

stan.kz