Көкшетаулық студенттер Президент шәкіртақысының иегері атанды
Фото: Автор
Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетау жоғары медициналық колледжінің 3 курс студенттері Нарғыз Шәкеева мен Дина Оразова Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы шәкіртақы иегері атанды.
Студенттерді ынталандыру үшін тағайындалған Президент шәкіртақысының иегері атану үшін оқуда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп қана қоймай, оқу орнының ғылыми-зерттеу, шығармашылық, қоғамдық жұмыстарына қатысып, белсенділік таныту қажет. Осы орайда үміткерлер жетістіктерін сертификат, грамота, баяндама, мақалалар арқылы дәлелдеуі тиіс.
Медколледж директоры Тамара Дьяконованың айтуынша, оқу орнында Тұңғыш Президент атындағы шәкіртақы әл-ауқаты төмен отбасылардан шыққан студенттерді, оралмандар, оқу озаттарын қолдау үшін бір семестрге бөлінеді. Стипендияға үміткерлер студенттер жиналысында анықталады. Кейін өтініш колледждің әкімшілік кеңесіне жіберіледі.
«Стипендия колледждің қоғамдық өміріне белсене араласып, салауатты өмір салтын насихаттаған, тәртібі жақсы, оқу орнының талаптарын сақтағандарға беріледі. 2010 жылы педагогикалық кеңесте атаулы шәкіртақыны екі студентке тағайындау туралы ереже бекітілді. Шәкіртақы оқу орнының жеке қаражатынан төленеді. Оқу орнында денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының атаулы республикалық стипендиясы бар. Биыл «Медбикелік іс» мамандығына оқып жатқан Айсұлу Сейтекова есімді студентіміз аталған шәкіртақының иегері атанды. Николай Грицаев, Роман Савинов, Аида Байзулда, Айдана Абушахманова, Назгүл Толыбай сияқты студенттер Кәкім Жұманов атындағы денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының шәкіртақысына ие болған. «Қайырымдылық» волонтерлік қозғалысына қатысқаны үшін М.Смирнова атындағы шәкіртақы Мадина Буквасова мен Ризагүл Жоямергеноваға берілді», — дейді Тамара Дьяконова.
Президент шәкіртақысының иегері Нарғыз Шәкеева – болашақ акушер. Мектепке биология пәнін сүйіп оқыған ол дәрігер болуды бала жасынан армандаған.
«Акушер мамандығын жайдан-жай таңдаған жоқпын. Балаларды жақсы көремін. Нәрестенің өмірге келуіне көмектесу – жауапты, игі іс. Мақсатым – өз мамандығымның қыр-сырын меңгеру. Президен шәкіртақысының иегері атанғанымды мақтан тұтамын. Мен үшін бұл зор қуаныш. Алда да жақсы оқып, белсенді болуға жігер береді. Әрине, осындай жетістікке жетуіме үлес қосқан ұстаздарыма алғысым шексіз», — дейді Нарғыз Шәкеева.
Ал осы оқу орнының 3 курс студенті Дина Оразованың зерделі, зерек жастарға қолдау танытқан колледж ұжымына алғысы шексіз.
«Бізге тәжірибелі де білікті мамандар сабақ береді. Мұнда сабақ оқумен қатар, талантыңды ұштауға да мүмкіндік мол. Ұлттық рейтинг бойынша біздің колледж үздік оқу орындарының үштігінде. Жалпы, жастарды қолдау белсенді болуға, жеке тұлға ретінде қалыптасуға жол ашады», — дейді Дина Оразова.
Фотолар: Автор
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ