Көкшетаудағы жас футболшының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

0

Қайтыс болған спортшының ата-анасы баласының өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр

НҰР-СҰЛТАН, 22 тамыз – Sputnik. Көкшетаулық «Оқжетпес» жастар клубының 19 жастағы футболшысы Роман Зюзиннің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Дәрігерлер кеш қарады

Жас футболшы осы жылдың 14 тамызында сепсистен (іріңдеу) көз жұмған. Оған дейін Роман Зюзиннің ыстығы көтеріліп, ауруханаға жатқызылыпты. Алайда анасы дәрігерлер баласына дұрыс қарамағанын айтады.

«Дәрігер тек 13 тамызда ғана пайда болды. Онда ұлымның жағдайы өте ауыр еді. Елордадан санавиация келді. Олар емдеу тәсілін өзгертті», — дейді Татьяна Мишина.

Қара жамылған ана ұлы жедел жәрдем қызметі мен қалалық аурухана мамандарының диагнозды дұрыс қоймауы салдарынан көз жұмды деген пікірде.

13 тамызда Роман Зюзин комаға түсіп, ертеңінде қайтыс болыпты. Ата-анасы баласының мәйітін тексертуден бас тартқан. Олар өлім туралы куәлікті алу да оңай соқпағанын айтады. Алайда Татьяна Мишина жауапсыз мамандар жазасын тартады деген үмітте.

«Ұлымды қайтара алмаймын. Бірақ біз мұндай дәрігерлердің қолынан өзге адамның зардап шеккенін қаламаймыз», — деді ол.

Қылмыстық іс қозғалды

Ақмола облысының полиция департаменті Романа Зюзиннің өліміне байланысты ҚР қылмыстық кодексінің 317 бабы 3-бөлігі бойынша (медицина қызметкерінің кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы салдарынан адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Егер сотта күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айырылады. Бес жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.

Бұл іс Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың жеке бақылауында. Шұғыл кеңес барысында өңір басшысы бұл іске жауапты мамандардың барлығы қатысуы қажет екенін атап өтті.

Тағы оқыңыз: «Қайраттың» бұрынғы футболшысын атып өлтірді

«Барлық медиктен жауап алыңыздар. Мәселені шешіңіздер! Егер қажет болса, ата-анасының рұқсатын алып, эксгумация жүргізуге тырысыңыздар», — деді облыс әкімі өңірдегі полиция департаментінің басшысы Берік Біляловқа.



sputniknews.kz