Көкшетауда «Жер жәннаты — AQMOLA» жинағы жарық көрді

0

2018 жылғы 12 желтоқсан 18:38 42

Көкшетауда «Жер жәннаты - AQMOLA» жинағы жарық көрді


КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат  — Көкшетауда «Жер жәннаты — AQMOLA» атты жинақ жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген жинақ қасиетті өңірдегі көненің көмбесін ақтарып, ел жүрегінде қалған тарихи тұлғалардың туған еліне сіңірген қисапсыз еңбегін баяндайды. Тәуелсіздік жылдарындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, теңдесі жоқ табиғи байлығы, экономикасының еңсе көтеруі, сондай-ақ рухани әлемінің кемелденіп, көркейе түсуі әрі оған соны серпін берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының байыппен жүзеге асуы қамтылып отыр. Безендірілуі де талайға таңдай қақтыратындай. Жинақ 50 VIP данамен және 2 мың тиражбен басылды. Алматы қаласындағы «Алтын кітап» баспасынан шыққан жинақ алдағы уақытта кітапханалар мен білім ошақтарына таратылмақ.
Көкшетауда «Жер жәннаты - AQMOLA» жинағы жарық көрді  

«Бұған дейін жерлесіміз, талантты жазушы Сәкен Жүнісовтің «Заманай мен Аманай» повесі Лондонда жарық көрген болатын. Біз бүгін өткеніміздің өрелі істері мен кемел келешегімізді қаузайтын жақсы істерді жалғастырудамыз»,-деді тұсаукесерді ашып, жүргізіп отырған облыс әкімі Мәлік Мырзалин.
Көкшетауда «Жер жәннаты - AQMOLA» жинағы жарық көрді

«Алтын кітап» баспасының директоры Вячеслав Титенев, жазушы-аудармашы Ғосман Төлеғұл, облыстық тарихи өлкетану музейі директорының орынбасары Алма Құнанбаева, Ақмола облысының құрметті азаматы Сағынтай Елубаевтар сиясы кеппеген жинақтың құндылығы жайлы айтып, оған жоғары баға берді.

Айта кетейік, биылғы жылдың өзінде ғана аймақ басшысының қолдауымен  қалың оқырман қауымның рухани мәнді азығына айналатын бірқатар туынды жарық көрді. Ұлы даланың ұлағатты перзенті, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің 11 томдығы мен жазушы-публицист, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиевтің  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлік тұлғасын ашып көрсеткен «Әлемге! Ғарышқа! Болашаққа жол ашқан Тұңғыш!» жинағы, сондай-ақ профессор Қадыржан Әбуовтің өңіріміздегі тарихи тұлғалар туралы библиографиялық очерктері жарық көрген болатын.

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz