Көкшетауда жедел жәрдем қызметкерлерін күтіп жатқан әжейді тонап кетті — Қазақстан жаңалықтары
Көкшетауда қаскөйлер жүрегінде дімкәсі бар 80-ге таяған қарт әжейді тонап кетті. Пәтерінің есігін ашық тастап, жедел жәрдем қызметкерлерін күтіп жатқан қарияға дәрігерлердің орнына күтпеген қонақтар келген. Оқиғаның жай-жапсарын аймақтағы Stan.kz тілшісі хабарлайды.
Көзі ілініп кеткен зейнеткер келесі бөлмедегі шудан оянады. Бір жамандықтың болғанын іші сезген қария жатқан күйінде сыр білдірмей, олардың кім екенін анықтауға тырысыпты. Алайда тек екі ер адамның сұлбасын байқауға шамасы жеткен. Жалғыз тұратын мүкіндігі шектеулі жанның үйінде тінту жүргізген ұрылар біраздан соң пәтерден шығып кетеді. Ізін ала көрші бөлмеге барған қарт әйел шкафта тұрған 80 мың теңгесінің жоқ екенін аңғарады. Сөйтіп, дереу полицияға хабарласады.
Оқиға орнына жеткен жедел-іздестіру тобы жан-жақты тексеріс жүргізеді. Із кесу жұмыстарына иіс сезгіш иттермен кинологтар да қосылады. Бес күннен кейін ұрылар қолға түсті. Тепсе темір үзетін екі жас жігіт пәтер тонаумен айналысқан.
– Ол екеуі бұрын сотталғандар. Көкшетау қаласының тұрғындары. Бірі– 31 жаста, ал екіншісі – 27-де. Қолды қылған ақшаның бір бөлігі иесіне қайтарылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – дейді Ақмола облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
stan.kz