Көкшетауда Қорғанбек ақынның кеші өтті

0

Көкше топырағынан түлеп ұшып, қазақ әдебиетінің белді бір өкіліне айналған мерейтой иесінің кешіне қаламгердің талантын құрметтейтін, сөз өнерін сыйлайтын адамдар көп жиналды. Ақынның өзі туып-өскен Зеренді ауданының Көктерек ауылынан келген ауылдастары, зиялы қауым өкілдері, жергілікті ақын-жазушылар, жастар, тағы басқа да қоғамдық жұртшылық өкілдерінің есімі елімізге кеңінен танымал қаламгермен осындай бір жылы шырайлы жүздесуді сағынып қалғандығы кездесу барысынан жақсы көрініп тұрды.     

Алдымен белгілі ақын Төлеген Қажыбай, ел ағасы Айдос Әбутәліповтер қаламгердің шығармашылығына тереңірек тоқталса, еңбек жолын бірге бастаған белгілі жазушы, аудармашы Ғосман Төлеғұл сан қырлы талант иесінің журналистік қабілет-қарымын жіктеп айтып берді. Қаламгердің курстасы, қазақтың белгілі жазушысы Марат Мәжитовтың сонау студенттік кезеңнен бастап сөз өнеріне құмартқан Қорғанбек ақынның ішкі жан-дүниесін, азаматтық бейнесін айшықтап айтуы, әдемі шықты.   

Ақынның жылдар бойы жүрегін жарып шыққан сырға толы сұлу жырлары топтастырылған электронды жинақтың тұсаукесері өткізілді. Әжелер шашу шашты, ақсақалдар ақ батасын берді. Жалынды жырлар оқылды, өлең сөздің патшасының үстемдік құрып, бағын жандыру жолы жайында ел ағасы Болат Көшімбаевтың түйінді пікірі көп көңілінен шықты. Сөздің құны бөздің құнынан төмендеген заманда жаңа дәуірдің адамдарының көкірегін тіршіліктің шаң-тозаңынан тазалап, таңғы шықтай мөлдіретугі қисапсыз әсер ететін өлең өлкесінің өрісін кеңейтудің жолы арнайы қор құру деді ол. Бұл ең алдымен, ақындарға ғана емес, ақынның алмас қылыштай жарқылдаған сөзі мен мұңын сейілтіп, арманына қанат қақтыратын Алаштың өзіне керек.

Кездесу кешінде Қорғанбек Аманжол алқалаған әлеуметке ақ алғысын жолдап, соңғы кезде жазған өлеңдерін оқып берді. Қарашаның соңғы күндері суық ауа буған Көкшенің көгілдір аспанын буы бұрқыраған тамаша жырлар жылытып, жадыратқандай.   

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»