Көкшетауда қаруланған ер адам ұсталды

0

Учаскелік полиция қызметкері келген соң ұсталған азамат полиция басқармасына жеткізілген. Тапаншаның оқтаулы болғаны анықталды

АЛМАТЫ, 21 сәуір –Sputnik. Көкшетауда балалар алаңында екі бірдей тапаншамен жүрген азамат ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz порталы.

18 сәуірде Ұлттық ұланның әскери қызметкері Василий Гунько жұмысқа бара жатқанда аулада тапаншамен жүрген ер адамды байқаған. 

Ол бірден учаскелік полиция қызметкерін шақырды.

«Учаскелік полиция қызметкерін шақырып, қарулы азаматты ұстады. Азамат полиция басқармасына жеткізілді. Ер адамның қолында Макаров пневматикалық тапаншасы мен револьвер болған», — делінген ақпаратта.

Ұлттық ұлан әскери қызметкерінің айтуынша, ер адам қарсылық көрсетпей, қаруды тапсыруға келіскен. 

«Оның кез келген сәтте тұрғындар өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін түсініп, жанына бардым. Дереу қаруын тапсыруын талап еттім. Қуанышқа орай, ер адам қарсылық көрсетпестен, қаруды маған берді», — дейді ол.

Учаскелік полиция қызметкері келген соң ұсталған азамат полиция басқармасына жеткізілген. Ол жерде азамат психологиялық ауытқуына байланысты өзінің іс-әрекетін түсіндіре алмады. 

Тергеу барысында тапаншаның оқтаулы болғаны анықталды.

 



sputniknews.kz