Көкшетауда көмір арзандады — Аймақ|01 Желтоқсан 2018, 10:39

0
01 Желтоқсан 2018, 10:39 271 0

Көкшетау, Baq.kz тілшісі. Көкшетауда көмір бағасы арзандады. Бұл туралы Ақмола облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мамандары мәлімдеді.

Коммуналдық қызмет тарифтерін өсірмеу Елбасының Үкімет алдына қойып отырған басты мәселелерінің бірі. Осы мақсатта Ақмола облысы аумағында арнайы жұмыс тобы құрылды. 18 табиғи монополия субьектілерінде 7-ден 36 пайызға тариф бағасы төмендеген. Олар – жарық, жылу және сумен қамтамасыз ету субьектілері.

Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының жетекшісі Иван Юрченконың айтуынша, облыста көмір бағасын арзандату жұмыстары қолға алынған. Көмір жеткізумен айналысатын мекеме иелерімен көмір бағасын 3-тен 18 пайызға төмендету туралы арнайы меморандумға қол қойылған.

«Мәселен Көкшетауда 1 тонна «Шұбаркөл» көмірі 13,900 теңгеден 11,500 теңгеге төмендеген. Алдағы уақытта көмір бағасын тағы 25-30 пайызға арзандату бағытында жұмыстар атқарылуда», — дейді И.Юрченко.

Қазірдің өзінде монополияға қарсы күрес департаментінің тексеріс жүргізуі нәтижесінде тарифтерді төмендетуге қолжеткізілуде. Сондай-ақ көмірдің бөлшек саудадағы бағасын арзандату бағытында да жұмыстар жүргізілуде.

Облыста қысқы жылыту маусымында 1,4 млн тонна көмір қоры дайындалған. Соның ішінде коммуналдық қазандықтар үшін — 750 мың тонна, тұрғындар үшін – 662 тонна. Көмір түсіретін техникаға байланысты да еш қиындықтар жоқ. Негізінен көмір Екібастұз, Шұбаркөл, Майкөбен, Қаражыра кеніштерінен сатып алынады.

«Көмірдің әр жолғы тасымал көлемі әртүрлі болатындықтан, сұранысқа байланысты аталған отын түрі кейде ерте таусылады. Бірақ, мұндай жағдайда қойма көп ұзамай толтырылады», – дейді «Сэус» серіктестігінің директоры Игорь Левченко.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ