Көкшетауда ер адам бұзылған компьютерлерді жөндеп, мұқтаж отбасының балаларына сыйлауда

0

Көкшетауда тұратын 34 жастағы Азат Бегенбаев бұзылған компьютерлерді жөндеп, оны мұқтаж отбасының балаларына сыйлауды қолға алды. Ол жөнделген ноутбукті жеті балалы жалғызбасты анаға сыйлады.

Бұл туралы 31 арнаға сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Оқушылармен тығыз жұмыс істейтін тестілеу орталығында менеджер болып қызмет атқаратын Азат Бегембаев қазіргі заманда компьютердің балаға аса қажет екенін жақсы түсінеді. Сол мұқтаж отбасыларға компьютер сыйлауды қолға алыпты. Ол екі апта бұрын Instagram желісінде бұзылған компьютерлерді қайырымдылық үшін әкеліп беруін сұрап, хабарлама жариялаған.

«Көкшетау тұрғындары хабарласып, өз көмектерін ұсынып жатыр. Солардың арасынан жұмыс жасайтын заттарын алып, бір компьютерге біріктіремін», — дейді Азат Бегенбаев.

Дайын болған техникаларды мұқтаж отбасыларға табыстайды. Ол үшін білім басқармасынан тұрмысы төмен жанұялардың тізімін алған екен. Азат жөндеуден өткен алғашқы ноутбукті уақытша баспананы жалдап тұрып жатқан жеті балалы жалғызбасты ананың отбасына сыйға тартты.

«Кеше балалардың қуанғанын көрсеңіздер ғой. «Ертең бір ағай ноутбук әкеліп береді», — дегенде бәрі қуанып, ендігі сабағын уақытылы дайындайтындарын айтты», — дейді көпбалалы ана Нұргүл Қаржауова.

Азат балалардың қуанған жүзін көргенде жүрегі елжіреп, көзіне жас толатынын жасырмайды. Ол жанына рухани ләззат сыйлайтын бұл игі істі жалғастырмақ ниетте. Аптаның соңында тағы бір отбасыға компьютер сыйлауды жоспарлап отыр.

stan.kz