Көкшетауда әкімшілік жазасын өтеп жатқан екі адам көз жұмды
Қабылдаушы-бөлуші бөлімінде отырған алты адам уланып қалған, олардың неден уланғаны әзірге белгісіз
НҰР-СҰЛТАН, 29 мамыр – Sputnik. Көкшетау қаласында полиция басқармасының қабылдаушы-бөлуші бөлімінде алты адам уланып ауруханаға түсті. Дәрігерлер екі адамның көз жұмғанын хабарлады.
Олардың неден уланып қалғаны әзірге белгісіз, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Көкшетауда қабылдаушы-бөлуші бөлімінде әкімшілік жазасын өтеп жатқан бес адам қалалық көпбейінді ауруханаға жатқызылды, біреуі облыстық ауруханаға түсті. Барлығында улану белгілері байқалған.
«Бізге жедел жәрдеммен бес пациент жеткізілді, өкінішке қарай, екеуі көз жұмды. Үш адам жансақтау бөлімінде жатыр. Әзірге неден уланғанын айта алмаймыз», — деді медициналық мекеменің әкімшілігіндегілер.
Облыстық көпбейінді аурухананың дәрігерлері алтыншы науқастың өмірі үшін күресіп жатыр.
Тағы оқыңыз: Челахтың түрмеде көз жұмғаны рас па – ресми жауап
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратынша, оның да жағдайы ауыр. Жансақтау бөлімінде жатыр.
«Қазір болжам айту өте қиын: дәрігерлер қарап шықты, анализдер алынды, нәтижесін күтіп отырмыз. Тек белгісіз заттан уланғанын ғана білеміз. Барлық емдік шаралар жүргізіліп жатыр», — делінген хабарламада.
Полиция департаменті түсініктемені кешірек беруге уәде етті.
sputniknews.kz