Көкшетау жұрты Асқар Забикулинді ақтық сапарға шығарып салды

0
370

Көкшетау жұрты ерлікпен қаза тапқан Асқар Забикулинді ақтық сапарға шығарып салды.

22 қараша сағат 12:00-де республика бойынша төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелерінде бір минут үнсіздік жарияланды.

Асқар Забикулин туған жерінде, Еңбекшілдер ауданы Казгородок ауылында жерленді, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігі.

Айта кетейік, 20 қарашада Астанада үш адамның өмірін ажалдан құтқарып қалған өрт сөндіруші Асқар Забикулин қайтыс болды.

17 қарашада Астанадағы көпқабатты үйде өрт болып, 3 адам, оның ішінде 1 бала ауруханаға түскен еді. Өрт көпқабатты үйдің 11-қабатында тұтанған. Өрт сөндіруші Асқар Забикулин пәтерге терезеден кіру үшін құтқару арқанымен 12-қабаттан 11-қабатқа түскен. Ішке кіру үшін қоршауды алып тастап, үстіндегі камуфляж киімімен жанып жатқан пәтерге кіріп, 80 жастағы кейуана мен 22 жастағы немересін оттан шығарған. Сондай-ақ балконға жасырынған 10 жастағы баланы құтқарып үлгерген.

Өрт сөндірушінің қазасына байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.