Көкшетау Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындалып жатыр
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысы әкіміне бірқатар тапсырма берді
НҰР-СҰЛТАН, 2 қыркүйек — Sputnik. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Көкшетау қаласында өтетін Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық туралы баяндады, деп хабарлайды Ақорда.
Сондай-ақ Тоқаев пен Маржықпаев Ақмола облысының биылғы 8 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын талқылады.
«Мемлекет басшысына келесі жылы Көкшетау қаласында өтетін Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық барысы баяндалды», — делінген хабарламада.
Қазақстан президенті өңірде агроөнеркәсіптік кешен мен туризм саласының әлеуетін нығайтудың маңыздылығын айтып, әкімге жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін тапсырды. Сонымен қатар ол балалар мен жастарға қолжетімді инфрақұрылым нысандарын салу қажеттігін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Маржықпаевқа Ақмола облысын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.
2020 жылғы Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумының негізгі шаралары «Болашақ сарайы» балалар мен жасөспірімдер сарайында өтеді. Ғимарат 1 500 адамға шақталған, ол екі бөліктен тұрады — ителлектуалды даму және спорттық даму. Тамыздың басында сарайдың құрылысымен премьер-министр Асқар Мамин танысты.
Тағы оқыңыз: Премьер-министр өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық барысымен танысты
2019 жылы Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы қараша айында Омбы қаласында болады. Ресейдің мемлекет басшысы Владимир Путин шараға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты шақырды.
sputniknews.kz