Көкшетау қаласының әкімі тағайындалды

0

Ақмола облысының әкімінің 2024 жылғы 9 қарашадағы өкімімен Президент Әкімшілігінің және қалалық мәслихаттың келісімі бойынша Әнуар Күмпекеев Көкшетау қаласының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды Kznews.kz.

Облыс әкімі Марат Ахметжанов жаңа әкімге Президент Жолдауында айтылған міндеттерді алға тартып, қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары мен құрылыс салаларындағы мәселелерді шешу бойынша белсенді жұмыс күтіп тұрғанын жеткізді.

Бүгінгі таңда қала әкімі үшін басты міндет – жылыту маусымының үздіксіз өтуі және тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету екені айтылды.

Өңір басшысы жүктеген тапсырмалардың ішінде қаладағы электрмен жабдықтау тапшылығы мәселесін шешу, ол үшін жоспарланған жобаларды уақытылы іске асыру, сондай-ақ тұрғын үй салу және сатып алу жұмыстарын жандандыру бар.

Сонымен қатар биыл Көкшетау қаласы облыс орталығы ретінде ерекше назарға алынатыны айтылды.

«Алда проблемалық мәселелерді шешу және жаңа жобаларды жүзеге асыру бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр. Сондықтан Сізден тек жедел шешім қабылдау ғана емес, ең бастысы олардың барлығының тиімді болуы талап етіледі», – деді облыс әкімі.

Кездесу соңында Марат Ахметжанов Әнуар Күмпекеевке қала тұрғындарының игілігі үшін барлық тапсырмаларды табысты жүзеге асыруды жүктеді.

Еске сала кетсек, тамыз айында Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса қызметінен кеткен еді.