Көк түтінге тұншығып, көмір жаққан Астана…
«Елдің төрінде емес, пештің түбінде отырғандаймыз», «Астана қаласы әкімдігін сотқа берсем, жеңіп шыға алар ма екем?», «Тұншығып жатыр Астана, көрпедей жапты көк түтін», «Алғашқы күндері Астанада қалың тұман екен деп ойладым, сөйтсем пештен шыққан қара түтін екен»… Бұл – газбен толық қамтылмаған бас қала тұрғындарының көмір тұтынудан туған жағымсыз иіс пен кеудені ашытатын қолаңса түтінге әлеуметтік желіде жазған шағымдарының бір бөлігі ғана. Көгілдір отынмен қамтылмаған Астанада жылына жекеменшік сектордағы үйлер 400 мың тонна, 2 жылу электр стансасы 3 млн тонна көмір жағады.
Астанаға газ келетіні туралы сүйінші хабар «Сарыарқа» газ құбыры магистралінің құрылысы жөніндегі жаңалықтан басталды. Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағытында тартылатын құбыр еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін табиғи газбен қамтамасыз етуі керек. Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, 2021 жылға қарай Ақмола және Қарағанды облыстары мен Астана қаласының 140 мыңға жуық тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізеді. Сарыарқа магистралінің бойындағы 171 елдімекен табиғи газбен кезең-кезеңімен қамтамасыз етіледі. Қазір аталған өңірлерде газ тарату желілерінің жобалау-сметалық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал магистраль жұмысына жауапты компания «Астана газ» АҚ деп белгіленген. Вице-министр Астанада газ бағасы текше метрі үшін 47-50 теңге аралығында тұрақтайтынын ескертіп, оңтүстікте 33-35 теңге тұратын көгілдір отынның салыстырмалы түрде жоғары бағасы халықтың газ кіргізуден бас тартуына себеп болмайды деген пікір білдірді. Вице-министр бұл ойды елімізде жүргізілген газдандыру тәжірибесіне сүйеніп айтып отырғанын мәлімдеді.
2012 жылдан бері Астанада байқалған қалың тұман ара-тұра негізгі ақпаратқа арқау болып, елді алаңдатып тұрады. Бір апта бұрын кезекті «қамығу толқыны» көп пікірге қозғау салып, вице-министр Мағзұм Мырзағалиевпен өткен баспасөз конференциясындағы сұрақтар да бас қаланың экологиялық ахуалын айналып өтпеді. Вице-министр газдандыру жобасы аяқталғаннан кейін жылу электр стансаларындағы көмір тұтыну 651 мың тоннаға қысқаратынын айтты. Одан бөлек, 400 мың тонна көмір пайдаланатын жеке сектор көгілдір отынға көшсе, 2030 жылға қарай атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтар көлемі жылына 60-70 мың тоннаға төмендеуі керек.
Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, Астананы газдандыру жобасы толық аяқталғаннан кейін де, жылу электр стансаларында көмір жағу тоқтамайды. «Өйткені жылыту қазандықтары газға көшкенімен, электр қуатының өндірісі үшін қара отынның көмегіне жүгінуге мәжбүрміз. Қазір ең арзан энергетикалық отын саналатын көмірді айналымнан шығаратын балама жолдар жоқ. Сондықтан электр энергиясы бағасының шарықтап кетпеуі үшін, оның өндірісін көмірмен байланыстыруды жалғастыра береміз» деді ол.
Астана қаласының отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов жылу электр стансаларына электр фильтрлерін сатып алу жобасы қолға алынғанын айтып, қазір ұсыныстың тиімділігі арнаулы комиссия қарауына берілген деді.
«Қазақстанның экологиялық қоры» қоғамдық қорының төрағасы Мұсағали Дуанбеков Астанадағы ауа тұрғындар арасында бірқатар аурулардың кездесу жиілігін арттырғанын, ал әкімдік бұл туралы сөз қозғағысы келмейтінін айтады.
– Соңғы уақытта жиі талқылауға түскен тұман мен ауаның ластануы үлкен жаңалық емес. Елорда соңғы екі жыл бойы лас қалалар санатына кіреді. Қышқыл иіс пен тұманды қаланың барлық тұрғыны көріп, сезініп жүр. Ауаның ластануымен тыныс алу жолдары, жүрек қан-тамыр, тері аурулары жиі тіркелетін болды. Жергілікті әкімдік бұл туралы әңгіме қозғағанды ұнатпайды. Өйткені таяқтың бір ұшы әкімдікке қарайтын қалалық жылу электр стансасына тиеді.
Эколог маман министрлік өкілінің газдандыру жобасы ауаның ластануын азайтуға оң әсер етеді деген мәлімдемесімен келіседі және жылу электр стансаларында көмір тұтынуды жалғастыра отырып, қоршаған ортаны қорғап қалудың амалын табуға болады дейді.
– Астанадағы тұманның негізгі факторы – ЖЭС пен сапасыз көмір пайдаланатын жеке сектор. Сондықтан осы нысандарды көгілдір отынға ауыстырып, көліктерді де газға көшірсек, ауаның ластану мәселесі шешімін табар еді. Табиғи фактордың да рөлі бар. Қазгидрометтің мәліметінше, соңғы 15 жылда желдің жиілігі 20 пайызға төмендеген. Желсіз күндері лас ауа қала үстінде қалады. Бұл тұста ауа ағынын қозғап, алып кететін жел құрылғыларын орнату туралы ойлануға болады. Еуропаның бірқатар мемлекеттері көмір қолданысын сақтай отырып, ауаға бөлінетін зиянды қалдық көлемін қысқартып отыр. Сапалы пеш, заманауи фильтрлер қалдықтың 98-99 пайызына дейін ұстап қалуға қабілетті. Біздің ЖЭС пен көмірмен жұмыс істейтін компаниялардың бұл әдіске әлі көшпегеніне қарағанда, бұл біраз қаржыны қажет ететін сияқты.
Астана – әлем елдерін шақырып, жасыл энергетика саласындағы үздік тәжірибелерді таныстырған қала. EXPO халықаралық көрмесі аясында балама энергия көздеріне өтуді белсенді насихаттаған мемлекет пен оның астанасының көк түтіннен көз ашпай, көмір жағып отырғаны қай қырынан қараса да, ақталмайтын дүние. Ендеше бас қалаға газ құбырын әкелетін мамандарға жобаны уақытында аяқтап, бір тиынын да мақсатсыз жұмсамайтын жауапкершілік, ал жергілікті әкімдікке халықтың денсаулығына алаңдап, ұтымды шешім іздейтін кәсібилік тілейміз.
Динара Тілеубек
Дереккөз: Айқын