Кой-Таштағы оқиғада милиция басқармасы басшысы ауыр жараланған

0

7 тамызда кешке Кой-Ташта елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясы кезінде Қырғызстанның Шу облыстық ішкі істер басқармасының басшысы Самат Курманкулов басынан ауыр жарақат алған. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі баспасөз хатшысы Жылдыз Айгерчинованың айтуынша, Курманкуловқа ота жасалған. «Дәрігерлер оның денсаулық жағдайы өте ауыр деп отыр. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр» деді Айгерчинова.

Бұған дейін тараған ақпаратта Атамбаевтың жақтастары милиция қызметкерлеріне тас лақтырған кезде Курманкуловтың зардап шеккені айтылған еді.

Видео: Арнайы жасақ Атамбаевты ұстау операциясын қалай бастады?

Сәрсенбінің кешінде Атамбаевты ұстау үшін Кой-Таш ауылындағы оның резиденциясына барған арнайы жасаққа бұрынғы президенттің жақтастары қарсылық көрсеткен. Жанжал салдарынан, соңғы мәлімет бойынша, оқ тиген арнайы жасақтың бір қызметкері қаза тауып, 40-тан астам адам жараланған.

Оқи отырыңыз: Атамбаевты ұстау операциясында арнайы жасақ өкілі қаза болды

Атамбаев бұған дейін тергеу орындары қылмыстық іске байланысты жауп алу үшін үш рет шақыртқанда бармай қойған соң, арнайы жасақ Кой-Таштағы оның үйіне келген. Қырғызстан бас прокуратурасы Атамбаевқа 2011-2017 жылдары билікте отырған кезінде «жемқорлыққа барды», «қызмет бабын теріс пайдаланды», «заңсыз байыды» және «кәнігі баукеспе Азиз Батукаевты түрмеден заңсыз босатуға қатысты» деген сияқты жалпы саны бес айып таққан.

Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, өзіне қарсы істің саяси астары бар деп мәлімдеген.

Биыл мамырда Қырғызстан парламенті бұрынғы президентке тиіспеушілік туралы заңға өзгертулер енгізген. 27 маусымда парламент Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырғаннан кейін тергеу орындары Атамбаевты жауап алуға шақыра бастады.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз