Көбейтұз көліне көлікпен кірген жүргізуші жауапқа тартылды

0

Ақмола облысындағы ерекше қызғылт көлдегі демалушының әрекеті әлеуметтік желідегілердің ашуына тиген болатын. Ол тұзды суға көлікпен кіріп кеткен. Өңірдің полиция қызметкерлері аталған жүргізушіні ұстап, әкімшілік кодекстің екі бабы бойынша жауапқа тартты.

Көбейтұзға көлігімен кіріп кеткен көлік иесінің әрекетіне әлеуметті желі қолданушылары ашуланып, полициядан тәртіп бұзушыны жазалауды талап еткен еді.

«Ақмола облысының полицейлері жол талғамайтын көліктің иесін мен істің мән-жайын анықтау үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде тәртіп сақшылары Toyota Land Cruiser Prado көлігінің Нұр-Сұлтан қаласындағы жеке құрылыс компанияларының бірінде тіркелгенін анықтады. Осы жылдың 20 шілдесінде жол талғамайтын көлігімен 40 жастағы жүргізуші Көбейтұз көліне кіріп кеткен», – деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Құқық қорғаушылар тәртіп бұзушыны екі бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Атап айтқанда, оған әкімшілік кодекстің 364-бабы (Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша ескерту жарияланып, 434-бабының ІІ тармағы бойынша (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) 5 АЕК (13 890 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Осы орайда полиция қызметкерлері азаматтарды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтап, табиғатқа жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Еске сала кетейік, азаматтардың көп келуіне байланысты Көбейтұз көлін бүгіннен бастап үш мобильді полиция бекеті қорғайтынын хабарлағанбыз. Тәртіп сақшылары аумаққа кіріп-шыққандардың барлығын қадағалап отырады.

ҚазАқпарат