Кітап оқымайтын кейбір мұғалімдер әдебиеттен сабақ береді

0

Біліктік ұстаз Аятжан Ахметжанұлы әлеуметтік желідегі парақшасында қазір мектепте сабақ берген кей ұстаздардағы олқылықты айтып, сынға алды.

Басқа пәнді сосын айтармын. Ең алдымен биыл бізге конкурсқа ең көп қатысқан пән қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болды. Сол сұқбаттар жайлы көңіл құлазытқан, көп қайталанған екі үш жайтты айтайын.

Биыл кемінде 200-ден аса қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімімен сұқбат құрдым.

Тұрақты қойылатын сұрақтарымның бірі:

— Соңғы рет қашан, қандай кітап оқыдыңыз? (Оқыған кітаптары туралы әңгімелесем.)

Өкінішке қарай, мүлде кітап оқымайтындар көп. Қандай кітап оқып жүрсіз дегенде “Екінші болма”, “Өмірге шексіз ғашық”, “Жүрек тыныштығы”, “Еркем,өмірің болсын көркем”атайтындар көп. Жүрегің ауырады.

— Қазақ классиктерінен кімдердің қандай шығармасын оқыдыңыз? (Оқыдым деген авторлардан, шығармалардан сұрақ қоямын.)

Өкінішке қарай Бердібекті, Әбішті, Мағауин мен Қабдешті оқымайды. Бірақ, қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ береді.

Ал Рахымжан Отарбаев, Бексұлтан Нұржекеев секілді авторды сұрасаң ол кім дейтіндер де көөп. Өкінішті.

— Балаларға қалай кітап оқыта аламыз?

Бұл сұраққа алдыңғы сұрақтардан кейін көсілгісі келетіндер көп. Өзі кітап оқымайтын адам біреуді былай қызықтырар едім дегені өтіріктеу көрінеді.

Өкінішке қарай, PISA емтиханы қорытындысында қатысқан 80 елден оқу сауаттылығы бойынша 62 орында тұрғанымызды сондайда ойланып кетесің…

Тіпті, оқулықта берілген шығармаларды мұғалім тек оқулықтағы үзіндісін ғана оқығанын білгенде балаларға жаның ауырады. “Атау кере” шығармасының басты идеясы не деген сұрағыма алқаштың өмірі туралы шығарма деген жауапты естігенде күйіп, күйініп кеткен кезімде болды…

Білім сапасы мұғалім сапасынан биік болмайды. Бұл аксиома, — деп жазды ол.

фото: Фото: Аятжан Ахметжанұлының facebook парақшасынан