Кісі өлтіру туралы сөз байласқан жоқпыз

0

Алматыда спортшы Денис Теннің өліміне қатысты сотта Тенді өлтірді деген күдікті Арман Құдайбергенов жауап берді. Сотта Құдайбергенов істеген ісіне өкінетінін айтып, Денис Теннің ата-анасынан кешірім сұрады. Ол өздерінің адам өлтіру ойлары болмағанын айтып, ұрлық жасау айыбын мойындады, бірақ кісі өліміне әкеліп соқтыратын іс-әрекет жасамағанын мәлімдеді. «Денис Тенді екі рет қана ұрдым. Нұралымен кісі өлтіру туралы сөз байласқан жоқпыз, тек ұрлыққа бардық» деді арман Құдайбергенов.

Құдайбергеновтің сотта айтуынша, ол оқиға болған 2018 жылдың 19 шілдесі күні күндіз күдікті Нұралы Қиясов және Жанар Толыбаевамен бірге көлік айнасын ұрламақ болып, көлікпен қала орталығына шыққан. Оның сөзінше, Нұралы Қиясов өзінің ұрлыққа бара жатқандарын жол бойында білген, ал Жанар Толыбаеваға «ұрлық туралы айтпаған». Ол сотта Толыбаевадан аллеяда күте тұруды сұрап, Қиясов екеуінің көшеде тұрған көліктердің айнасын шығарып алуға кеткенін айтты.

«Алдымен Денис Теннің көлігінің бір айнасын шештім, екінші айнасын шешіп болып қалғанда Денис Тенді көріп қалдым. Ол «Не істеп жатырсыңдар?» деп сұрады. Қолымдағы айнаны көріп, көлігіне қарады. Сосын қолымдағы айнаға жармасты. Мен айнаны бере салдым және қолға түссем, Астанадағы ісім ашылып қалатынын түсіндім. Айнаны тастай қаштым. Ақ түсті Toyota Camry-дің алдына құлап, оны айналып өттім де, Денистің қуып келе жатқанын көрдім. Ол мені спорт алаңының жанында қуып жетіп, екеуіміз төбелесіп қалдық. Шынымды айтсам, оған әлім жетпеді. Сосын белдігімді шешіп, Дениске екі рет сілтедім, біреуі тиді. Ол басымнан ұрып, бес-алты секунд басым айналып қалды. Есімді жисам, қасымда Нұралы тұр екен. Ол да шок алып қалған» деді.

Құдайбергеновтің сөзінше, бұдан соң оқиға орнынан қашып бара жатқанда Қиясов өзіне Дениске пышақ салғанын айтқан.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен былтыр 19 шілдеде Алматыда пышақ жарақатынан ауруханада қайтыс болған. Ол көлігінің айнасын ұрлаған адамдарды тоқтатпақ болған кезде жараланған.

Теннің өліміне қатысты істе үш күдікті бар. Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергеновке Қылмыстық кодекстің «қарақшылық» және «кісі өлімі» баптары бойынша айыптар тағылған. Ал Жанар Толыбаева «қылмысты хабарламау» айыбы бойынша күдікке ілінген. Бұдан бөлек, Құдайбергеновке «бірнеше рет ұрлық жасады» деген, ал Толыбаеваға «өзара келісіп ұрлық жасады» деген айып тағылған.

Қаңтардың басында өткен сотта Құдайбергенов пен Қиясов ұрлық жасағанын ғана мойындап, қарақшылық жасағанын және кісі өлтіргенін мойындамаған.

Жанар Толыбаева прокурор айтқандай қылмыс жасалған жерде «болмағанын» мәлімдеген. Толыбаеваның сөзінше, ол Денис Теннің қалай пышақталғанын «көрмеген» және «серіктерінің кісі өлтіретін ойы барын білмеген».

Күдікті: «Айна алғаным рас, бірақ кісі өлімі болады деп ойламадым»

Дереккөз: Азаттық