Кішкентайы — 1 айлық. Қазақстанда қанша Тоқаев, Қайрат Нұртас және Назарбаев бар?

0

Қазақстанда экс-президент Назарбаевтың, қазіргі Президент Тоқаевтың және басқа да танымал адамдардың қанша аттасы бар? Massaget.kz тілшісі Ұлттық статистика бюросына ресми сауал жолдап, анықтап көрді. Бұл туралы Kznews.kz сайты хабарлайды.

Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевпен аттас 49 адам бар. Ең үлкені 22 жаста, ал ең кішісі 6 жаста екен.

Дінмұхамед Қонаев есімді 5 адам бар екен. Бұл есімді адамдар Қарағанды облысы, Алматы қаласы, Ақтөбе облысы, Түркістан облысында тұрады. Олардың ең үлкенінің жасы 13 жаста, ал ең кішкентайы 6 айлық.

Танымал әнші Димаш Құдайбергенмен аттас 26 адам бар екен. Олардың ең үлкені 23 жаста, кішісі 1 айлық.

Қазақстанда сайсаткер Иманғали Тасмағамбетовпен аттас 3 адам бар. Олар — Ақтөбе облысы, Батыс Қазақстан облысының тұрғындары. Ал олардың үлкені 18 жаста, кішісі 9 жаста.

Қазақстанда Абай Құнанбайұлы есімді бес адам бар, олар Алматы облысы, Астана қаласы, Түркістан облысы, Жамбыл облысы, Қызылорда облысында тұрады. Олардың арасында ең үлкені 25 жаста, кішісі 1 жаста.

Ал Абай Құнанбаев деген 10 адам бар екен. Бұл есімдегі азаматтар Ақтөбе облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Алматы қаласы, Абай облысы, Қызылорда облысында тұрады, үлкені 39 жаста, кішісі 3 жаста.

Ақын Мағжан Жұмабаев есімді 76 адам бар екен. Үлкені 33 жаста, ең кішкентайы 1 айлық.

Шоу-бизнестегі танымал әншілер Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлімен де аттас жандар бар екен.

Мәселен, Қайрат Нұртаспен аттас 12 адам бар. Олар Түркістан облысы, Абай облысы, Қостанай облысы, Маңғыстау облысы, Жамбыл облысы, Атырау облысы, Астана қаласы, Алматы қаласында тұрады. Үлкенінің жасы 11-де, кішісі 1 жаста.

Төреғали Төреәлі есімді бір адам бар. Ол Маңғыстау облысында тұрады, жасы 8-де.

фото: Sputnik / Владислав Воднев