Кино заңы қабылданды | «Айқын» газеті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенат отырысында «Кинематография туралы» заң қабылданды. Бұл құжат киноөндірісін қолдауға, ұлттық фильмдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ ол кино көрсету қызметінің халыққа қолжетімділігі, киноиндустриясының ашықтығы, инвестициялық тартымдылығы, отандық киноның шетелдегі беделінің өсуі мен танылуы үшін заңнамалық деңгейде жағдай жасайды. Заңда кинематография саласын мемлекеттік қаржылық қолдау жөніндегі бірыңғай оператор болып табылатын «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» қызметінің құқықтық негізі түзіледі.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, ұлттық киноны мемлекеттік қаржыландырудың жаңа үлгісін енгізу ұсынылып отыр. Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржылық қолдау мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдап дайындау мақсатында Үкімет жанынан консультативтік-кеңесші орган – «Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржылық қолдау мәселелері жөніндегі мекемеаралық комиссия» құрылады.
Заң бойынша «Фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесі» іске қосылады, ол ел аумағында фильмдерді жүйеге келтіруді және есепке алуды қамтамасыз етеді. Фильмді фестивальдерде, семинарларда, ретроспективада көрсету жағдайларын қоспағанда, Қазақстанда фильмді прокаттау және көрсету тек Мемлекеттік фильмдер тізілімінде тіркелген кезде ғана және берілген прокаттау куәлігіне сәйкес жүзеге асырылады.
Ел аумағында фильмдерді қазақ және басқа да тілдерде прокаттауға ұлықсат етіледі. Прокатталуы шектелген фильмдерді қоспағанда, кинозалдар мен осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда прокатталатын және қазақ тілінде көрсетілмейтін фильмдерге қазақ тіліне дубляж жасалуға, не олар субтитрленуге немесе кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз етілуге тиіс.
Әйтсе де, бұл заң бойынша балама пікірлер де айтылды. Депутат Д.Құсдәулетов мұнда ұлттық фильмдерді жасауға арналған басымдыққа ие бағыттар, мемлекеттік ең төменгі әлеуметтік стандарттар, фильмдер өндірісі, ақпараттық-жарнама жұмыстарын дамыту, фильмдердің тарихи деректерге сәйкестігін қайта тексеру реттелмеген деп санайды.
Сенатордың айтуынша, заң ережелері кинематографты мемлекеттік қолдау шараларымен ғана шектелген. Бұл ретте заң «отандық киноиндустрияны дамытуға серпін беретін аса маңызды жаңа қоғамдық қатынастарды реттемейді, Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына толықтай сәйкес емес әрі кино өнерінің азаматтарды эстетикаға, рухани және адамгершілік тұрғысында тәрбиелеу мақсатындағы өзекті мәселелерін шеше алмайды».
Осы отырыста сенаторлар екі халықаралық құжатты қарап, құптады. Палата 1998 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан мен Ресей арасындағы Жер қойнауын пайдалануға арналған егемендік құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы келісім хаттамасына қосымша хаттаманы ратификациялады. Осы құжатты қабылдау қазақстандық және ресейлік тараптардың уәкілетті ұйымдарына «Құрманғазы» («Құлалы») құрылымының келісімшарт аумағында барлау жұмыстарын одан ары жалғастыруға мүмкіндік береді.
Отырыс соңында сенатор Д.Назарбаева еліміздің сыртқы саудадағы барлық әріптестермен өзара сауда туралы статистикалық мәліметтердегі елеулі айырмашылықтарға байланысты депутаттық сауалын жария етті. Депутат В.Волковтың депутаттық сауалы жалған ақша жасаушылармен күреске қатысты болды.
Айхан ШӘРІП