Кинематография туралы заң қабылданды

0

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Кинематография туралы» заң жобасы мен оған түзетулер енгізу жобасына қол қойды. Бұл туралы 3 қаңтар күні Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Заң жобасын парламент сенаты 6 желтоқсанда, мәжіліс қазанның 31-інде мақұлдаған.

Заңда фильмдерге мониторинг жасайтын Біртұтас автоматтандырылған ақпараттық жүйе құру қарастырылған. Заңға сай, Қазақстан аумағында фестиваль, семинар мен ретроспективалардан басқа жерлерде фильм мемлекеттік фильмдер реестрінде тіркеліп, рұқсат алған соң ғана прокатқа шығады.

Бұған дейін заң жобасын мәжілісте таныстырған мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жобада «кино қорын» құру және фильм түсіруші студияларға осы қор арқылы қаражат бөлу қарастырылғанын айтқан. Оның сөзінше, студиялар кино түсіруге қажетті қаражаттың жартысын өздері табуға міндеттеледі.

Бұдан бөлек, заңда кинематографистер құқығы, «Қазақфильм» киностудиясы аумағында еркін экономикалық аймақ құру, шетелдік өнімдерді қазақ тіліне аудару, қазақ тіліндегі фильмдердің көрсетілу уақытын анықтау жайы да қарастырылған.

Оқи отырыңыз: «Қазақ кино индустриясын жүйелеу керек»

Сонымен қатар, Қазақстан аумағында фильмдерді жүйелеп, тіркеу мақсатында фильм прокатына мониторинг жасайтын ақпараттық жүйе құру жоспарланып отыр.

«Кинематография туралы» заң жобасы мен оған түзетулер енгізу аясында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, Салық кодексі мен «Мәдениет туралы» заңға өзгеріс енгізіледі.

Қазақстанда бұған дейін кинематография туралы, кино өндірісін реттейтін арнайы заң болмаған.

Арнайы заң кино өндірісін реттей ала ма?

Дереккөз: Азаттық