«Кинематография туралы» заң қабылданды

0

Алдымен Парламент Мәжі­лі­сі мақұлдаған 1998 жы­лғы 6 шілдедегі Қазақстан Респуб­ли­касы мен Ресей Федерациясы арасындағы Жер қойнауын пай­да­лануға арналған егемендік құқық­тарды жүзеге асыру мақ­сатында Каспий теңізі солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы келісімге Хаттамаға Қосымша хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы қаралды. 

Бұл жөнінде баяндаманы Энер­гетика министрінің мін­детін атқарушы Махамбет Дос­мұ­хамбетов жасады. Құжатта бір­лескен кәсіпорынға кейіннен 4 жыл­ға ұзарту мүмкіндігі ұсыныла отырып, бүкіл келісімшарт аума­ғында алты жыл мерзімге қо­сымша барлау кезеңін беру көз­деліп отыр. Сондай-ақ 2005 жыл­ғы 6 шілдедегі Өнімді бөлісу ту­ралы келісімде көзделген келі­сімшарт аумағын ұлғайту да қарас­тырылған. Осы құжатты қабыл­дау қазақстандық және ресей­лік тараптардың уәкілетті ұйым­дарына «Құрманғазы» («Құ­ла­лы») құрылымының келісім­шарт аумағында барлау жұ­мыс­тарын одан әрі жалғастыруға мүм­кіндік береді. Жобаларды іске асырудың ең төменгі шы­ғы­нының мөлшері 32,5 млн АҚШ долларын құрайды. Ал осы­ған дейінгі жұмыстар 2018 жылдың 31 тамызына дейінгі мер­зімде 157 млн АҚШ долларын құрап, оны қатысушы елдер тепе-теңдік негізде қаржыландырған.

М.Досмұхамбетовтың баяндамасы аяқталған соң оған бірнеше сұрақтар қойылды. Соның ішінде сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед Каспий теңізі табанын межелеу­ге бес ел қатысатынын айтып, Қа­­­зақ­­стан мен Ресейден басқа мем­ле­кет­тердің бұл келісімге қатысты ұс­танымын сұрады. Оған бұл ау­мақтардың ежелден Қазақстан мен Ресейге ғана тиесілі екендігі және Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы биылғы тамызда бес ел қол қойған Конвенцияға сәйкестігі жеткізілді. Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов кен орындарын игеруде экологиялық талаптарды сақ­тау қаншалықты ескерілетінін сұ­рады. «Бұл кен орындары Ке­ңес одағы тұсында-ақ белгілі бол­ған, алайда сол кездегі билік оны игерудің қоршаған орта­ға зиян келтіретінін ескеріп, иге­ру­ді кейінге қалдырған еді», деді ол. Бұл сұраққа қазіргі техно­ло­гия­ның қуаты мен мүмкін­ші­ліктері қоршаған ортаға мөл­шерден тыс зиян тигізбейтіндігі айтылды. 

Қосымша баяндаманы Аг­рарлық мәселелер, табиғатты пай­далану және ауылдық аумақ­тарды дамыту комитетінің мү­шесі Бекмырза Еламанов жасап, шағын талқылаудан кейін заң қабылданды. 

Отырыста қаралған екінші мәселе Мәжіліс мақұлдаған «Еу­разиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер өзара сауда­ны жүзеге асыру кезінде озонды бұзатын заттар мен құрамында осындай заттары бар өнімдерді өткізу және озонды бұзатын зат­тарды есепке алу туралы келі­сімді және 2015 жылғы 29 ма­мыр­дағы Еуразиялық экономи­ка­лық одаққа мүше мемлекеттер өзара сауданы жүзеге асыру кезінде озонды бұзатын заттар мен құрамында осындай заттары бар өнімдерді өткізу және озонды бұзатын заттарды есепке алу туралы келісімге Қырғыз Рес­публикасының қосылуы тура­лы хаттаманы ратификация­лау ту­ралы» заң жобасы жөнінде бол­ды. Бұл мәселе туралы баянда­маны Энергетика минис­трінің міндетін атқарушы Ма­хам­бет Досмұхамбетов жасады. Қазақстан 1998 жылдан бас­тап Озон қабатын қорғау тура­лы Вена Конвенциясына және Озон қабатын бұзатын зат­тар жөніндегі Монреаль хаттама­сына қатысушы. Хаттама бірнеше рет қайта қаралып, озонды бұзатын заттардың тізімі кеңейтілді. Сондай-ақ Хаттамаға енбеген елдермен озонды бұзатын заттар сау­дасына тыйым салынған. Озонды бұзатын заттарды тұ­ты­нуды шектеу туралы ЕАЭО қатар­ына енетін елдер де мін­детте­мелер алған. Соның аясын­да Қазақ­станда озонды бұзатын заттар­дың экспорты мен импор­тын лицензия­лау жүйесі жасалған. Шағын талқылаудан кейін заң бірауыздан қабылданды. 

Парламент Мәжілісі ма­құл­даған «Кинематография туралы» заң жобасы мен оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заң жобасы үшін­ші мәселе болып қаралды. Ол ту­ралы негізгі баяндаманы Мә­де­ниет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы жасады. 

«Заңның қабылдануы Қа­зақ­стан кинематографиясының тарихындағы маңызды оқиға бо­лады», деп бастады министр өзі­нің сөзін. Сонымен қатар оның Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа­ласында берілген тапсырмаларды орындауға шексіз ықпал ете­тіндігі айтылды.

Заңда кинематография саласында мемлекеттік қаржылық қолдау жөніндегі бірыңғай оператор болып табылатын Ұлттық ки­но­ны қолдау мемлекеттік орта­лығы қызметінің құқықтық негізі жасалған.

Сондай-ақ ұлттық киноны мемлекеттік қаржыландырудың жаңа үлгісін енгізу ұсынылып отыр. Ұлттық фильмдерді мем­ле­кеттік қаржылық қолдау мәсе­лелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдап да­йын­дау мақсатында Қазақ­стан Үкіметінің жанынан консуль­тативтік-кеңесші орган – Ұлт­тық фильмдерді мемлекеттік қаржы­лық қолдау мәселелері жөнін­дегі мекемеаралық комиссия құ­рылады. 

Заң бойынша Фильмдер мо­ни­то­рингінің бірыңғай авто­мат­­тан­дырылған ақпараттық жү­йесі құрылатын болады. Ол еліміздің аумағында фильмдерді жүйеге келтіру және есепке алуды қамтамасыз етеді. Фильмді фес­тивальдарда, семинарларда, рет­роспективада көрсету жағдай­ларын қоспағанда, ел аума­ғында фильмді прокаттау және көр­сету Мемлекеттік фильмдер тізі­лімінде тіркелген кезде ғана және берілген прокаттау куәлігіне сәйкес жүзеге асырылады. 

Қазақстанның аумағында фи­льмдерді прокаттау қазақ тілінде және басқа да тілдерде жүзеге асырылады. Ұлттық фильмдерді прокаттау қазақ тілінде және қажет­тілігіне қарай басқа да тілдер­де жүзеге асырылуға тиіс. Пр­ока­тталуы шектеулі фильм­дерді қоспағанда, кинозалдар мен осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда прокатталатын және қазақ тілінде көрсетілмейтін фильмдер қазақ тіліне дубляж жасалуға не субтитрленуге, не кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз етілуге тиіс.

Әйтсе де бұл заң бойынша балама пікірлер де айтылды. Депутат Д.Құсдәулетов мұн­да ұлттық фильмдерді жасауға арналған басымдыққа ие ба­ғыттар, мемлекеттік ең төменгі әлеуметтік стандарттар, фильм­дер өндірісі, ақпараттық-жарна­ма жұмыстарын дамыту, фильм­дердің тарихи деректерге сәй­кес­тігін қайта тексеру реттелмеген деп санайды. 

Сенатордың айтуынша, заң ережелері кинематографты мем­лекеттік қолдау шараларымен ғана шектеліп отыр. Бұл ретте заң отандық киноиндустрия­ны да­мы­туға серпін беретін аса маңызды жаңа қоғамдық қаты­настарды реттемейді, Мемлекет басшы­сы­ның «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасына толықтай сәй­кес емес, ки­но өнерінің азамат­тар­ды эсте­ти­каға, рухани және адам­гер­шілік тұрғысында тәр­бие­леу мақ­сатындағы өзекті мәсе­ле­лерін шеше алмайды.

Сенаторлар баяндамашыға сұрақтар қойды. Соның ішінде ІІМ қызметкерлері туралы кинолар түсіріле ме, ауыл тұрғындары үшін қазір кино­театрлар қолжетімсіз, осы мәселе шешіле ме, телеарналар түсірген сериалдардың сапасы төмен, оларға мониторинг жасала ма, арнаулы мамандар қорытынды бере ме және т.б. болды.

Палата «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық акті­леріне кинематография мә­се­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қа­былдады. Заңна­малық актілерді «Кинема­тография туралы» заң­ға сәйкес кел­тіру мақсатында Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодекске, Салық кодексіне жә­не «Мә­дениет туралы» заңға түзе­тулер енгізілді.

Күн тәртібіндегі мәселелер қа­ралып болған соң бірнеше сенатор орталық атқарушы органдарға өздерінің депутаттық сауалдарын жария етті. Сенатор Дариға Назарбаева біздің еліміздің сырт­қы саудадағы барлық әріптес­тер­мен өзара сауда туралы статис­тикалық мәліметтердегі елеулі айырмашылықтарға байланысты депутаттық сауалын жария етті. Депутат Владимир Волковтың депутаттық сауалы жалған ақша жасаушылармен күрес туралы болды.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»