«Кімге керек?» Мәжілісмен бір топ депутаттың қандай проблемаға тап болғанын айтты

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Өксікбаев салық базасы дұрыс жұмыс істемегендіктен, қарызының бар-жоғын ай сайын өзі тексеріп отыруға мәжбүр екенін айтып мұңын шақты

НҰР-СҰЛТАН, 28 қазан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев салық органдарының жұмысына шүйлікті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін мәжілістегі үкімет сағатында халық саны 250 адамнан асатын ауылдарды интернетке қосу мәселесі қаралды. Отырыста сөз алған депутат Омархан Өксікбаевтың айтуынша, әр елді мекенді интернетке қоспас бұрын, ауыл халқына мемлекеттік қызметті қашықтықтан алуға жағдай жасау керек.

«Әр мемлекеттік орган өзінің ақпараттық жүйесін әзірлеп жатыр. Алайда осы база әр ауданға, әр ауылға жетті ме, оны қадағалап отырған ешкім жоқ. Жарайды, біз қазір ауылдардың барлығын интернетке қосармыз. Ал содан кейін жергілікті тұрғындар өз ауылында отырып, өзіне қажетті ақпаратты ала ала ма? Осыған кепілдік беретін бірде-бір мемлекеттік орган жоқ», — дейді Өксікбаев.

Айтуынша, қазір халықты әрі-бері сандалтып жүрген ведомстволардың бірі – салық органдары. Тіпті, салық базасының кесірінен бір топ депутат салық төлемегендердің қатарына қосылып кеткен.

Тағы оқыңыз: «Ұятқа қаламыз»: министрдің сөзіне күмән келтірген депутат ашынып кетті

«Қазір халықтың көбісі салық органдарының кабинеттерін аралаумен жүр.  Жуырда ғана біздің бір топ депутатты салық төлемеушілердің қатарына қосып қойды. Неге? Сол салық базасының дұрыс жұмыс істемегенінің кесірінен төлеген салықты дұрыс есептемеген. Күні бұрын төлеген ақшасын басқа біреуге салып қойған. Мұндай жағдай менің басымда да болды биыл. Төрт жыл қатарынан осындай. Қазір қарызым бар ма, жоқ па деп, ай сайын өзімді тексеріп отыратын болдым. Ал енді осыны жүйеге келтірмесек, интернеттің кімге керегі бар? Сонша ақша шығарып, несіне оны қосамыз? Егер осының бәрі дұрыс істемейтін болса», — деп ашуланды мәжілісмен.

Депутаттың пікірінше, үкімет, алдымен, мемлекеттік органдардың ақпараттық базасын реттеуі керек.

«Цифрландыру министрлігіне осыны бақылау функциясын берсек. Сонда ғана халық интернеттің пайдасын сезген болар еді. Әйтпесе, дәл қазір мен осының пайдасын сезетіндей жағдайды көріп отырған жоқпын. Үкімет осыны қолға алуы керек деп санаймын», — деді ол.



sputniknews.kz