Киев «украин теңізшілерін қамаған» Мәскеу үстінен халықаралық сотқа арызданды

0

Украина сыртқы істер министрлігі Ресей 2018 жылы қарашада Қара теңізде ұстаған теңізшілер мен кемелерді босату талабымен теңіз құқығы жөніндегі халықаралық сотқа жүгінді. Бұл туралы Украина президенті Петр Порошенко өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

«Санаулы аптадан соң сот Ресейді теңізшілеріміз мен кемелерімізді босатуға міндеттеп, оның әрекетін заңсыз деп таниды деп сенеміз» деп жазады ол.

Порошенко «сот Кремль халықаралық қылмыс жасады деп танымай тұрып, Ресейдің тұтқында ұстап отырғандарды босатуға әлі де мүмкіндігі бар» дейді.

Украина президентінің мәлімдемесіне Ресей сыртқы істер министрлігі жауап берді. Мәскеу «теңіз құқығы бойынша халықаралық соттың Қара теңіздегі жағдайды қарауына құзыры жоқ» дейді.

Былтыр 25 қарашада Керчь бұғазында Ресей әскерилері украин кемелерін атқылап, екі әскери кемені 24 теңізшісімен ұстаған.

Ресей билігі кемелер Ресейдің Қырым жағалауындағы аумағына заңсыз кірмек болды деп санайды. Киев Ресей мен Украина арасында 2003 жылы жасалған келісім бойынша украин кемелерінің Қара теңіздің Ресейге тиесілі аумағында жүруіне болатынын айтады.

Үш кемеде болған 24 украин теңізшісі сот санкциясымен Мәскеудегі тергеу абақтысына қамауға алынды. Олар Ресейдің мемлекеттік шекарасын бұзды деп айыпталып отыр. Теңізшілер өздерін әскери тұтқынбыз деп санайды.

Украина президенттігіне кандидат Владимир Зеленский бірер күн бұрын интернетте видео жариялап, «украин теңізшілерінің тағдырына қатысты мәселеде енжарлық танытып отыр» деп Порошенконы сынаған.

Azattyq