Киев соты көші-қон қызметінен Жанара Ахметтің өтініш қайта қарауды сұрады

0

25 ақпанда Киевтегі апелляциялық сот Украина мемлекеттік миграция қызметіне қазақстандық блогер, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы жетекшісі Мұхтар Әблязовтың серіктесі Жанара Ахмет пен баласына босқын мәртебесін беруді қайта қарауды міндеттеді. Бұл туралы адвокаты хабарлады.

«Апелляциялық соттың шешімі бірден күшіне енеді» деді қорғаушы Александра Журко «Настоящее время» тілшісіне. Оның сөзінше, өтінішті қарауға алты айдай уақыт кетеді.

Жанара Ахметтің экстрадициясын Қазақстан билігі сұраған. Сот отырысы 14 ақпанда басталған.

Ахметті Украинадан экстрадициялау процесі 2017 жылы қазанда басталған еді. Қазақстан билігі оны «алаяқтық жасады» деп айыптап, экстрадициялауды талап еткен. Осыдан соң ол Киевте қамауға алынған. 2017 жылы қарашада Жоғарғы Рада депутаты Светлана Залещук кепіл болып, Ахмет қамаудан босатылған.

Жанара Ахмет 9 жастағы ұлымен бірге Қазақстаннан 2017 жылы наурызда қашқан. Ол өзіне «заңсыз топ құрмақ болды» деген айыппен іс қозғалғалы жатқанын естіген соң елден кеткенін айтқан. Алматыда Ахметтің үстінен бірнеше рет сот отырысы өткен. Соның бірінде оған рұқсат етілмеген жерден жолды кесіп өтті деген айып тағылған. Ол барлық іс «билікке сын айтып жүргендіктен қозғалды» деп санайды.

Кейінгі жылдары Қазақстаннан Украинаға бірнеше белсенді қашқан. Олардың қатарында Ермек Нарымбаев, Мөлдір Әділва, Айдос Садыков, Наталья Садыкова бар.

Жанар Ахметті «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы жетекшілерінің бірі және «16/12» арнасының бас редакторы деп айтады. Қазақстан соты 2018 жылы наурызда қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған «Қазақстанның ҚДТ қозғалысын «экстремистік ұйым» деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салғалы бері ондаған адам ҚДТ-ға қатысы бар деген күдікке ілінген, кейбірінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, жауапқа тартылған. Әблязов ҚДТ-ны «экстремистік» деп таныған сот шешімімен келіспейді және оның «саяси астары бар» деп санайды.

Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.

Қазақстан билігі Әблязовты да бірнеше қылмыстық іске айыпты деп танып, экстрадициялауға тырысқанымен, нәтиже болмады. Әблязовтың өзі барлық істің саяси астары бар деп санайды.

Azattyq