Киберспорт чемпионатының жеңімпаздары анықталды
Алматыда NEET санатындағы және базар жастарының қатысуымен киберспорттан чемпионат өтті. Оған «Саламат», «Алтын орда», «Қырғауылды», «Байсат», «Арғымақ», «Саудакент», «Арыстан», «Барыс» және тағы басқа сауда орталықтарының жастары қатысты. Киберспортшылар арасындағы жарыс алдын ала бекітілген ереже бойынша Play Station форматында өтті. Қолдарына қосбүйірлі басқару құрылғысын ұстаған ойыншылар бір бірімен жеребеге сай ойын бастады. 23 ойыншы әртүрлі кабиналарға бөлініп, өзара бақ сынасты. Егер киберспортшылардың бірі жарысқа қатыспаса, оның есебі техникалық жеңіліске теңестірілді.
Жоба жетекшісі Саламат Сағындықовтың айтуынша чемпионат «Дүйсенбілік спорт» жобасының аясында өтіп жатыр. «Үстел теннисі чемпионатын Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Social project management» ооталығы ұйымдастырып отыр. Жоба аясында жарысқа кемінде бес базардың жастары қатысуы керек. Бүгін өтіп жатқан чемпионатқа көріп отырғандарыңыздай жеті базардың жастары қатысып жатыр. Жоба бойынша спорттың бес түрінен: футболдан, үстел теннисінен, киберспорттан, баскетболдан, воллейболдан чемпионат өткізуге тиіспіз. Футболдан, үстел теннисінен бұған дейін жарыстар өтіп, жеңімпаздар анықталған болатын. Бүгін киберспорт чемпионаты мәресіне жетті. Алдағы екі айда баскетбол, воллейбол чемпионаттарын ұйымдастырамыз» дейді ол.
Setanta Qazaqstar, Qazsport телеарналарының журналисі Руслан Бақытжан чемпионатқа комментарлық қызмет көрсетті.
Чемпионат қорытындысы бойынша бірінші орынды «Саламат» сауда орталығынан келген Саят Көкетаев иеленіп, кубок пен 150 мың теңгенің сертификатын қанжығасына байлады. «Алтын орда» базарында жұмыс істейтін Мұстафа Әбдірәсіл екінші орын алып, 100 мың теңгенің жүлдесін еншіледі. Үшінші орын – 100 мың теңге «Қырғауылды» саудар орталығының намысын қорғаған Бағдат Қонаровқа бұйырды.
Қазақстанда NEET санатындағы кәсіптік білімі жоқ және жұмыссыз жүрген жастарды қолдау күшейтіледі. Атап айтқанда, жұмысқа орналастыру бойынша белсенді көмек көрсетіліп, өзге де қолдау шаралары қолға алынады. ҚР Үкіметі мемлекеттік жастар саясатын күшейту аясында тиісті қаулы қабылдады.
Қаулыда жастармен жұмыс жасайтын мамандардың біліктілік сипаттамасын, жастар еңбек жасақтарын құру ережелерін, сондай-ақ жастарды дамыту индексін енгізу қағидаларын бекітуге мүмкіндіктер жасалған.
Бүгінде республикада NEET санатындағы жастардың үлесі 6,3%. Олардың көбі ірі мегополистерде шоғырланған. Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы NEET санатындағы жастар үлесін азайту мақсатында әлеуметтік қолдау, білім алуға және жұмысқа орналасуға көмек көрсету бойынша жүйелі шаралар қабылдап келеді. Бүгінгі киберспорт чемпионаты басқарманың «Дүйсенбілік спорт» жобасы аясында өткізілді.