«Кезек күтушілерге жағдай қарастырылмаған»: Мусин Қарағандыдағы ХҚКО-ға ескертусіз барды

0
849

Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин Қарағандыдағы мамандандырылған ХҚКО-ға ескертусіз барып, ұзын-сонар кезектің куәсі болған. Бұл туралы ведомство басшысы Instagram парақшасында жазды деп хабарлайды kznews.kz тілшісі.

Министр Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекпен бірге Қарағандыдағы жаңартылған  цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығына барғанын мәлім етті. «Мұнда заманауи smart-тәсіл қолданылған, яғни қызмет көрсету процестері кезінде азаматтардың ыңғайлылығы үшін мұнда барлық жағдай жасалғанын атап өткім келеді. Жаңартылған кеңсенің ішінде әлеуметтік қызметтер мен экспресс қызметтер алу бұрыштары, жайлылық аймағы, құжаттарды беру және өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары бар. Фронт-офис ең қысқа мерзімде сапалы мемлекеттік қызмет алу үшін барлық қажетті жабдықтармен және цифрлық жүйелермен жабдықталған», — деп атап өткен министр жаңартылған цифрлық кеңсе туралы. Кеңсеге күніне 600-ге жуық адам келеді деп жоспарлануда. Мусин елордадан өзінің келетінін біліп дайындап қойған жаңартылған халыққа қызмет көрсету орталығын аралағаннан кейін, әдеттегідей, ешкімге ескертусіз Мұқанов көшесінде орналасқан Қарағандының ескі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына кіріп шыққан.

«Мұнда барған кезімде мен практикалық емтихан тапсыруды күтіп отырған адамдардың ұзын-сонар кезегіне куәсі болдым. Электрондық кезек жүйесі жұмыс істемейді, күтушілер үшін ешқандай жағдай қарастырылмаған, әрине осындай жағдайлар адамдардың шағым білдіруіне әкелетіні жасырын емес», — дейді министр. Мусинге мәселені сол жерде шешуге тура келген. «Біріншіден, жедел түрде электрондық кезекті енгізу, екіншіден, адамдар күні бойы күтіп тұрмауы үшін, бірақ алдын ала жазылып, белгіленген сағатта келуі үшін онлайн-жазылуды ұйымдастыру туралы тапсырма бердім. Жалпы, мамандандырылған ХҚКО-лардағы ұзын-сонар кезек мәселесін басты назарға алдық, мұндағы автодромдардың енді сенбі күндері де жұмыс істеуі мәселесін қарастырамыз», — деді ведомство басшысы.

Мусин өзінің осындай орталықтарға жоспарламай баруды бұрыннан іске асырып келе жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, бұл нақты проблемаларды көруге және нәтижесінде цифрландыру процестерін жетілдіру бойынша тиімді жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.