Кезек кімге келді? Болат Назарбаевтың әрекеттері тергелуде

0

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Болат Назарбаевтың рейдерлік  басып алуына қатысты істі тергеп жатыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Болат Назарбаевтың өкілдерінің Алматы облысындағы шыны зауытын басып алуына қатысты істі тергеп жатыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев мәлімдеді.

— Прокуратура нақты әрі дұрыс тергеу жүргізу үшін бар күш-жігерін салады. Қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тексеріп жатыр. Біріншіден, олар прокурор объективті бағалайтын барлық дәлелдемелерді жинауы керек, — деді Әсет Шындалиев.

Бірақ Шындалиев тергеу құпиясына сілтеме жасай отырып, қандай істер тергеліп жатқанын айта алмады.

Қандай шыны зауыты?

Әңгіме «Алматы Стекло» ЖШС-нің шыны бұйымдарын шығаратын зауыты туралы болып отыр. Ол жылына орта есеппен 100 миллион бөтелке мен банкі шығарады. Зауыттың бас директоры Әзім Абдуллаевтың айтуынша, ол оны ағаларымен бірге ашқан. Кәсіпорын Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жармұхамбет ауылында жеті гектар жерде орналасқан. Зауыт жылына бес миллион доллардан астам табыс әкеледі. Кәсіпорында 400-ден астам адам еңбек етеді.

2006 жылы ашылғаннан кейін Абдуллаев кірісін Елбасының інісі Болат Назарбаевпен бөлісуге мәжбүр болғанын және 15 жыл ішінде Болат Назарбаевқа 60 миллион доллар төлегенін айтты.

«Алматы Стекло» компаниясының қазіргі қожайыны зауыттың толық қожайыны болып қана қоймай, Болат Назарбаевқа берген ақшаның кем дегенде жартысын қайтаруға үмітті.  Ол қазірдің өзінде құқық қорғау органдарына арыз жазып, жауабын күтіп отыр.