Кеудесіне әйелдің жүрегі орнатылған астаналық ер адам марқұм келіншектің өмірінде болған жайттарды сезген

0

Астанада тұратын Азат Көптілеуовке бірнеше жыл бұрын ота жасалып, кеудесіне әйелдің жүрегі орналастырылған. Алайда ол отадан кейін көп қиналғанын айтады. Тіпті марқұм келіншектің өмірінде болған жайттарды сезе бастапты.

 

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Талай жылдан бері жүрек талмасынан жапа шеккен астаналық Азат Көптілеуовтің кеудесінде қазір қостанайлық әйелдің жүрегі соғып тұр. Алғашында өзге адамның ағзасына бейімделу қиынға соққан екен. Тіпті, сол келіншектің өміріндегі кейбір жайттарын көрмесе де, сезіп-біліп жүріпті.

«Ол кезде енді қиын болды.  Жүрек ауыстырғаннан кейін орнымнан тұра алмадым. Ес жия алмадық. Мен әлсіз болдым. Әлсіздіктен орнымнан тұра алмай екі ай, 60 күн жаттық қой», – дейді қала тұрғыны Азат Көптілеуов.

Азат тәрізді жүрек трансплантациясына мұқтаж елімізде 150 адам бар екен. Ал 2 мыңнан астам адам бүйрек, 450-і  бауыр, 10-ы басқа да органдарын ауыстыру үшін кезекте тұр.  Алайда, олардың бәріне бірдей донор табыла бермейді. Басты себеп, сау адамдардың көбі өзгеге ағзасын беруге келіспейді. Ал, марқұмдардың жақындарының көбі оның органын алуға үзілді-кесілді қарсы. Салдарынынан трансплантация жыл сайын азаюда. Мәселен, 2016 жылы 305 адамның ағзасы аусытырылса, былтыр бұл көрсеткіш 295, ал биыл тіпті 190-ға түсіп кеткен. Сондықтан, қауіпті аурулардан қайтыс болғандардың органдарын пайдалану мәселесі көтеріліп жатыр екен. Ол үшін заңға өзгертулер ензізу қажет.

«Зақымдалған ағзаларды донорлыққа қолдану туралы заң жобасына өзгерістер енгізілуде. Бұл жерде вирустық Б немесе С гепатитіне шалдыққандардың органдарын пайдалану керек пе, жоқ па деген сұрақ туындауда. Дәл қазір біздің заңымыз оларды қолдануға тыйым салады. Ал әлемдік тәжірибеде оң көрсеткішті “Б немесе С гепатитіне шалдыққандардың ағзалары пайдаланыла береді. Тек, мұндай дертке шалдыққан ағзаны осы аурудан жапа шеккендерге ғана қолданады», – дейді Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының трансплантолог-хирургі Жасұлан Баймаханов.

Заңға өзгеріс енгізуге себеп жоқ емес. Өйткені, біздің елде сары ауру, туберкулез, мерез сияқты жұқпалы дерттермен ауыратындардың ағзаларын донорлыққа алу заңмен шектелген. Дәрігерлер, мұндай тыйымды алып тастасақ, халықтың өмір жасын ұзартуға сеп болар еді дейді. Бұған заңгерлер қалай қарайды?

«Бұл жағдайларда жалпы кодекс нақты жауап бермейді.  Егер адам қайтып кетсе, дүние салса, бұл жағдайларда кодекс тікелей айтпайды. Келісім керек болмаса, донор бола алады, трансполонтологияға жағдайы бар деп айтылмайды. Бұл  жағдайды медициналық консилиум шешеді», – дейді заңгер Айсана Сман.

Былтыр қайтыс болған 24 адамның ағзасы донорлыққа пайдаланылыпты. Бірақ,  кейбірі дауға ұласты. Мәселен,  Ақтөбеде шу шығып, марқұм Серікболсын Көшербайдың туған-туыстары сотқа арыз түсірген болатын. Өйткені дәрігерлер марқұмның бүйрегін туыстарының рұқсатынсыз алып, пайдаланған екен. Дегенмен, істі тергеген полицейлер бәрі заң аясында болды деп, мәселені жапқан еді. Бұл іске Денсаулық сақтау министрі де араласып, пікір білдірген-ді. Елжан Біртанов  өмірден озған адамның ішкі органдарын туыстарының рұқсатынсыз алу дұрыс, бұған заң рұқсат береді деп кесіп айтқан болатын.

«Адам көзі тірісінде ағзасын  алуға келіспейтінін  ресми, жазбаша түрде қалдырмаса онда келісімін берді деп топшыланады. Сондықтан, туған-туыстарының келісімінсіз мүшесін алуға рұқсат етілді деген сөз. Адам өмірін сақтауға бағытталған норманы өз басым құптаймын», – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Ал, биыл 9 мәйіттің ағзасы өзге адамдарға салынып, олардың өмірін сақтап қалған. Қайтыс болған 42 адамнан түрлі ауру табылғандықтан, органдары донорлыққа алынбапты. Мамандар әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, енді осы мәселені шешу керек деп отыр. Ол үшін қауіпті аурудан қайтыс болғандардың ағзаларын залалсыздандырып, дәл сол тәрізді дертке шалдыққан пациенттерге  трансплантациялауды жолға қою керектігін айтады.

 

Источник: Stan.kz