«Кет, қазақша сөйлеме». Елордада қазақша қызмет етуді сұраған қарияны күзетші итеріп жіберген (видео)

0

Тіл майданы қозғалысы Нұр-Сұлтан қаласындағы дүкендердің бірінде қазақ тілінде қызмет көрсетуді сұраған қарияны күзетші «арандатушысың» деп итеріп жібергенін хабарлады.

Жарияланған видеодан қарияның «мен қашан мына жерде мемлекеттік тілде қызмет алам, айтыңызшы? Сіз неге мені қуасыз? Қазақстанда қазақша сөйлеуге болмай ма?», «мені күзетші арандатушысың деп итеріп жіберді, өзі бір сөз (қазақша — ред) білмейді, мына жерде қалай жұмыс жасайды, мені неге итереді» деген ашынған даусы естіледеді.

https://youtu.be/9wRmEHHPByc

Қамшы порталына пікір білдірген Тіл майданы қозғалысының жетекшісі Қуат Ахметов видеоны Байтас есімді көзі 10 пайызға ғана көретін елорда тұрғыны түсіргенін жеткізді.
Оның айтуынша, қария дүкенге сүт сатып алуға кірген. Қазақша қызмет көрсетуін сұрағанында күзетші «арандатушысың» деп итеріп жібергендіктен, ызаланып телефонының камерасын қосып, жағдайды видеоға түсіре бастаған.
Қуат Ахметов Қазақстанда қазақша сөйлейтін азаматтардың тұтынушы ретіндегі құқығы жиі бұзылатынын айтып, қозғалыс сондай оқиғаларға тап болған азаматтарға құқықтық тұрғыдан қолдау білдіретінін мәлім етті. Сөзінше, қозғалыс қазақша қызмет көрсетпеген мемлекеттік, мемлекеттік емес ұйымдарды, кәсіпкерлік нысандарды сотқа беріп, жәбірленушілердің құқығын қорғаумен айналысады.
Қазақша қызмет ала алмай, дискриминацияға ұшыраған азаматтар болса, қозғалыстың whatsapp номері  – 8707 404 66 48-ге хабарласуға болады.