«Кешке шешеміз» Министрдің Нығматулинге берген жауабы депутаттарды ду күлдірді 

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

2 0 0

Депутаттар Асқар Жұмағалиевтен Байқоңыр қаласында жұмыс істейтін мемлекеттік органдар тізбесіне денсаулық және білім бөлімдері неге кірмей қалғанын сұрады

АСТАНА, 6 наурыз – Sputnik. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке Байқоңыр қаласында жұмыс істейтін мемлекеттік органдар тізбесіне денсаулық сақтау және білім беру бөлімдері неге кірмей қалғанын көп созбай шешуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында «1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Хаттама Байқоңыр қаласында жұмыс істейтін мемлекеттік органдар тізбесіне қосымша еліміздің 10 мемлекеттік органы бөлімшелерін қосуды көздейді. Олардың арасында қазынашылық комитетінің бөлімшесі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, шекара қызметінің бөлімшесі мен басқа да органдардың бөлімдері ескерілген. Алайда бұл тізімге денсаулық сақтау және білім беру бөлімшелері енбей қалған. Сұрақ-жауап барысында депутат Бақытбек Смағұл осы мәселені көтерді.

«Хаттамада Байқоңыр қаласы аумағында жұмыс істейтін Қазақстанның мемлекеттік органдарының тізбесінде білім беру және денсаулық сақтау бөлімдерін құру көзделмеген. Бұл ретте Байқоңыр қаласындағы халықтың 50 пайызға жуығы жергілікті тұрғындар екені белгілі. Осыған байланысты айтыңызшы, осы қызметтерге халықтың қолжетімділігін арттыру, олардың сапасын жақсарту мақсатында аталған бөлімдерді құру жоспарланып отыр ма?», — деді мәжілісмен.

Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев хаттама күшіне енгеннен кейін мемлекеттік органдарға өз бөлімдерін ашуға ешқандай кедергі болмайтынын атап өтті.

«Дұрыс айтасыз, қазіргі таңда денсаулық сақтау және білім беру министрліктерінің бөлімшелері Байқоңырда жұмыс істемейді. Өйткені, қазір бұл министрліктерден ұсыныс келіп түскен жоқ», — деді министр.

Осы орайда мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин екі министрліктің де бір үкіметте екенін айтып, министрлерге бір кеште кездесуге кеңес берді.

«Бір кеште кездесіп, сол шешімді қабылдауымыз керек. Депутат өз сауалында елу пайызы қазақстандықтар деді ғой. Алайда не денсаулық сақтау бөлімі жоқ, не білім беру бөлімі жоқ. Ертең сонда олар балаларын қай мектепке алып барады, қай емханаға барады? Барлық сұрақ осыдан туындайды. Ал сіз әлі министрліктерден ұсыныс түскен жоқ дейсіз. Оны күтпей, бір үкіметтегі үш министрлік бас қосып, бір келісімге келуі керек. Асқар Қуанышұлы, келістік қой?», — деді спикер.

«Өзіңіз айтқаныңыздай, біз кешке кездесіп, бір шешімге келеміз», — деп күліп жауап берді Жұмағалиев.

Министрдің бұл жауабы залда отырған депутаттарды ду күлдірді.

«Кешке таман олармен кездескенде, осы мәселе жайлы ұмытып кетпеңіз. Кім біледі…», — деп әзілдеді Нығматулин.



sputniknews.kz