«Кешірім де сұраған жоқ»: Алматыда жеті баланы жетім қалдырған ер адамға қатысты сот үкімі шықты – Қазақстан жаңалықтары

0

Алматыда мас болып рөлге отырып, бірнеше адамның өмірін қиған жүргізушіге үкім шықты. Алайда марқұмдардың туыстары сот шешімімен келіспей отыр. Тайраңдаған көлік иесі небәрі 6 жылға кесілген. Жәбірленуші тарап енді жоғарғы сот, парламент, қажет болса мемлекет басшысына да арызданамыз деп ызаланып отыр. 

Еске сала кетсек, қайғылы оқиға биылғы наурызда болған. Мас болып көлікке отырған Александр Типикин рөлге ие бола алмай аялдамаға келіп соғылып, екі әйел адам көз жұмды. Олардың артында жеті бала қалды. Тағы бір ер адам қатты жараланып, қазір аяғын баса алмайды. Марқұмдардың туыстары кінәлі ер адамды қатаң жазалауды талап еткен еді.

Алайда Медеу аудандық соты айыпталушыны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырған. Бұдан бөлек 10 жылға дейін көлік жүргізу құқығын шектеген. Және жәбірленушілерге материалдық шығын өтеуді міндеттеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап.

«Типикин жәбірленуші Есімжановқа моральдық шығын ретінде 2 млн теңге, Имантаевқа 2 млн теңге төлеуі тиіс. Сонымен қатар тағы бір жәбірленуші Тобжановқа моральдық шығын ретінде 500 мың теңге төлеуге міндеттелді», – дейді судья Залина Махарадзе.

Тергеу кезінде айыпталушының бұған дейін де мас күйінде рөлге отырып, көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды. Алайда жәбірленуші тараптың сот шешіміне көңілі толмай отыр. Екі ананың өмірін қиған мас жүргізушіге ең кемі 10 жыл беруі керек дейді. 

«Екі адам қайтыс болып жатқан соң, заң бойынша 10 жыл берілуі керек. Талап-арызымыз орындалмады. Ішіп алып осындай әрекет жасап, соны осы уақытқа дейін мойындамай келді. Кешірім де сұраған жоқ», – дейді жәбірленуші Асқар Имантаев.

«Екі адам өліп отыр. 6 жыл 8 ай деген аз. Шағымданамыз», – дейді жәбірленуші Қалдыбай Есімханов.

Жәбірленушілерді ызаландырып отырғаны осы уақытқа дейін тайраңдаған жүргізушінің не өзі, не туыстары келіп кешірім де сұрамаған. Ал қас пен көздің арасында аналарынан айырылып, аңырап қалған жеті баланың көз жасы ел-жұрттың жүрегін елжіретіп отыр. Қос әке енді жоғарғы жаққа шағымдануға бекініп отыр.

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз