Кеше ғана «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында 5 адамның өліміне жауапты болып, үстінен іс қозғалған адам, бүгін сайлау тізімінде қайдан жүр?

0

Осы күндері «АрселорМиттал» деген сөзді естісек көз алдымызға жұмысы қыз-қыз қайнаған кәсіпорын емес, апат елестейтін болыпты. Бұл тым әсірелеу емес, біз еркіндік беріп келген кәсіпорынның 30 жылдағы жеткен жетістігі. Себебі соңғы 10 жыл ішінде бұл кәсіпорында жиырмадан астам жазатайым оқиға болып, 41 адам зардап шеккен. 16 жыл ішінде 109 адам шахтада қаза тапқан. Cоңғысы 3 қарашада Қарағанды облысы Шахтинск қаласында Ленин атындағы шахтада бес адам қаза тапты. Кейбірінің артында баласы мен асырауында болған туыстары қалды. Шахта ашылғалы онда 70 адам мерт болған. Кеншілердің қаза болуына жауаптылардың қатарында – Ленин атындағы шахтаның басшылары мен инженерлік-техникалық қызметкерлері, Көмір департаментінің директоры Арман Қалықов және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Бас директоры Биджу Наир бар.

«АрселорМиттал Теміртау» көмір департаменті қызметкерлерінің мәселелерін қарастыру жөніндегі комиссия отырысы болған. Онда қызметкерлер, құрал-жабдықтар жетіспейтіні, шахтадағы дайындық жұмыстары кешігіп жүргізілетіні алаңдататыны айтылған. Шахталардың кейбірінде адамдарды көмір қазатын орынға жеткізетін механикалық құрал-жабдық жоғын да айтқан.

Бәрімізге белгілі, 18 ақпан күні кешкі 18.00-ден ҚР Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына түсетін үміткерлер мен партиялар үшін үгіт-насихат кезеңі басталды. Тәуір дедік. Бірақ төбемізден жай түсті. Себебі Мәжіліс депутаттығына үміткерлер қатарында Қарағанды облысы бойынша бір мандатты №19 сайлау округінен үміткер болып апатқа бірден-бір жауапты Арман Қалықов жүр, ал апаттан соң компанияның топ-менеджерлері жауапқа тартылғаны айтылды емес пе?! Оның ішінде Көмір департаментінің директоры да бар. Енді заңды сұрақ туындайды. Кеше ғана 5 адамның өліміне жауапты болып, үстінен іс қозғалған адам, бүгін сайлау тізімінде қайдан жүр? Неге қызметтен босатылып, бүгінде жұмыссыз жүрсе де, сайлауалды үгіт-насихат құжаттарында көмір департаменті бас директоры деп жазылып жүр?! Бұл көпе көрнеу елді балаша алдау емес пе, бұл да қылмыс қой?! Неге облыс әкімдігі негізгі басымдықты Арман Қалықовқа бағыттап отыр? Әкімдер сайлауға араласпасын деген Президент тапсырмасы қайда қалды?! Әлде Қарағанды облыс әкімдігі мен «Amanat» партиясы Арман Қалықовқа депутаттық иммунитет беріп , қылмыстан құтқарып алмақшы ма?! «Amanat» партиясы неге өмірбаяндары таза емес, қылмыспен шатысқандарды қолдайды?! «Жаңа Қазақстанды» «Ескі Қазақстанның» адамдарымен құрмақпыз ба? 5 адамның қазасына жауап бере алмаған адам, тұтас халықтың жайын ойлайды дегенге сену қиын. Сөздің тоқетері , сұрақ көп, жауап жоқ!  Осының бәрін Президент біле ме, білмей ме?

Сараптама редакцияға жолданған оқырмандар өтініші негізінде жазылды!