Кернейдегі мұң (әңгіме)

0

Оны ойнап отырған қарт му­зыканттың дудыраған ап­пақ сақал-шашы құдды бір тау­дан құлаған қар көш­кіні­нің суретін әкеледі көз ал­ды­ңызға. Ал қарттың қасында сол «көшкіннен» түк те қай­мықпай, басына ақ бөкебай шәлі тартқан шүйкедей ғана кем­пірі отыр. Оның үстіндегі сұр пальтосы кезінде жұрт қы­зығатындай-ақ сәнді киім болғанға ұқсайды. Бірақ қазір өңі түсіп, жаға-жеңінің ұшы қырқылып, ескіріп қалғаны көрініп тұр.

Екеуінің алдында аузы ашық ескі қобдиша жатыр. Оған анда-санда сылдыр етіп тиын-тебен түседі. Бұл тың­даушылардың оларға деген ризашылығы ма, аяушы­лығы ма, түсіну қиын…

Ерлі-зайыпты қарттардың бүгін Арбатқа амалсыздан шық­­қаны, иә болмаса, екеуі бірдей үйде құр қарап отыр­ғанша, көшеден аз да болса табыс табуға бел буғаны − ол да бізге беймәлім.

Сақал-шашы ап­пақ музыкант әуелде ба­тыстық классика­дан үзіп-үзіп біраз әуен орындады. Тың­даушыларға Ал­матының Арбаты бір сәтке Ве­наны елес­тетіп, одан соң Па­рижді, Мәскеуді еміс-еміс еске салғандай болды. Ашық жатқан қобдишаға әре­дік-әредік сыңғырлап ұсақ тең­гелер түсіп жатты.

Кенет қарт баршамызға таныс, жанымызға жақын, көңілімізге ыстық «Қазақ валь­сін» құй­қыл­жыта жө­нелді.

Май туса, гүлдер шешек атса жазда…

Тыңдаған жұрттың қаба­­ғы жазылып, жүзі жады­рап, жел­тоқсан айында аяқ ас­ты­нан күн жы­лынып, айна­ла­да­­ғы ағаштар жапырақ жая бас­тағандай таң-тамаша күйге бөленді.

Арбаттың бойымен аяңдап, қы­дырыстап жүрген көп аяқ­тар кідіріп, әуен төгілген жаққа қарай бұрылды. Ескі қоб­­дишаға енді сыңғырлаған ұсақ теңгелермен қосыла шы­тыр­лаған жаңа банкноттар да түсе бас­тады.

Үрмелі аспаптың кернейі­нен ұшып шыққан қазақ му­зыкасының классикасы биік аспанға қарай самғап бара жатқандай бір қызық көрініс пайда болды.

Әйткенмен, осынау кө­ңілді әуен­нің өзегінде де мұң бар еді. Бірақ ол мұңның үр­мелі аспаптың кер­нейінен шы­ғып жатқаны, не болмаса, қарт музыканттың көңілінен төгіліп жатқаны баршамызға жұм­бақ күйінде қала берді…

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/