Кері қайтқан Арыс тұрғындарын әскер қалаға кіргізбей тұр

0

Арыстағы әскери қоймада жарылыс шығып, ондаған мың адам жаппай көшкен соң «қауіп сейілмей жатып», құжаттары мен дүние-мүлкі қараусыз қалғанын айтқан тұрғындар қалаға қайта бастады. Бірақ, Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бақылау-өткізу пунктінде тұрған әскерилер оларды қалаға өткізбей тұр.

Арыс қаласына таңертең 10.00-де кірген Азаттық тілшісі қала ішінде адам жоғын, ілуде бір ғана тұрғындар байқалатынын айтады. Жарылыс кезінде қаладан шықпай қалып қойғандар да бар.

Арыста қазір жарық жоқ, жанармай сататын бекеттер жұмыс істемейді. Интернет пен байланыс кідіріп тұр. Қаладағы кейбір дүкендер мен мейрамханалар түгел өртеніп кеткен. Атылған оқ-дәріден мемлекеттік мекемелердің, тұрғын үйлер мен қаладағы вокзалдың есік-терезесі шағылған.

Азаттық тілшісі кейбір сауда орындарының әлі өртеніп жатқанын айтады. Қала ішін ұры-қарыдан қорып, полицейлер жүр. Бүгін, 25 маусымда Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Арыста 75 полицей жүргенін, «дүкен мен тұрғын үйді тонаған» үш адамның ұсталғанын хабарлаған.

Арыс вокзалында пойыздар жүрмей тұр. Камераға сөйлеуден бас тартқан полицейлер вокзалдағы қозғалыс жарылыс басталған бірер сағаттан соң тоқтағанын айтады. Шымкент вокзалынан шығып, Арыс арқылы түрлі қалаға қатынайтын пойыздар тоқтаған.

Шымкент вокзалына келгендерді Түркістан арқылы жіберу үшін жолаушыларды ондаған арнаулы автобус тегін тасымалдап жатыр. «Бішкек пен Алматыға баратын пойыздың бәрі тоқтаған» дейді Азаттық тілшісі. Бір бағытқа баратын екі пойыздың жолаушылары бір пойызға отырып кеткен.

24 маусым таңертең Түркістан облысы Арыс қаласы маңында орналасқан артиллериялық снарядтар сақтаулы тұрған қоймада, ресми дерек бойынша, өрт шығып, әскери оқ-дәрілер жарылған. Түркістан облысы әкімдігі жарылыстан кейін облыста төтенше жағдай жариялады. 25 маусымда Қазақстан ішкі істер министрлігі «қауіптің әлі сейілмегенін, жарылыс болған кейбір жерлердің әлі бықсып жатқанын» хабарлады.

Билік орындары апаттан екі адамның қаза тапқанын хабарлады. Қаза болғандардың бірі — Арыс тұрғыны. Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, тұрғынның көлігіне снаряд түскен. Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, мерт болған екінші адам — әскери қызметкер. Оның денесі әскери қойманың маңынан табылған.

Арыстағы жарылыстан кейін барлығы 165 адам дәрігерлер көмегіне жүгінген. Олардың 89-ы ауруханада жатыр. Тоғыз адамның жағдайы ауыр. Дәрігерлер 76 адамға алғашқы көмек көрсетіп, жіберген. Бұл туралы 25 маусымда Нұр-Сұлтанда үкімет отырысы кезінде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Жарылыстан кейін шамамен 35 мың адам өз беттерімен бас сауғалап, басқа жаққа кеткен. Кейбірі Түркістан облысы әкімдігі бөлген автобуспен Шымкентке жеткен.

Шымкентке жеткізілген Арыс тұрғындарының кейбірі эвакуациядан кейін өздеріне жағдай жасалмай отырғанына шағымданды. Шымкенттегі «Ақмешіт» мешіті маңында жүргендер көмекті билік емес, қала тұрғындары көрсетіп жатқанын айтады.

Түркістан облысына 24 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев барған. Президенттің баспасөз қызметі Тоқаевтың арыстықтармен кездескенін, билік азаматтардың баспанасын қалыпқа келтіріп беретінін айтып, сабырға шақырғанын хабарлады. Қазақстан қорғаныс министрлігі Арыс қаласында қазір 500 сапер үйлердің маңы мен темір жолдардың жанында жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

Шымкенттен 97 шақырым жерде жатқан, 43 мыңнан аса тұрғыны бар Арыста соңғы он жыл ішінде төрт рет жарылыс болып, он шақты адам қаза тапқан.

Azattyq