Кенжемді қыздарымның көзінше иіскеп, еркелете алмаймын: Абай Бегей балаларының ара-қатынасы жайлы — Қазақстан жаңалықтары
[ad_1]
Жуырда ғана бесінші рет әке атанған Абай Бегей кенжесі мен алғашқы некесінен туған балаларының қарым-қатынасы туралы Stan.kz тілшісіне сұхбат берді.
Кенжесі шыр етіп өмірге келетін күні әнші гастрөлдік сапармен басқа қалада болған екен. Қуанышты жаңалықты үлкен ұлы алғаш болып сүйінші сұрап жеткізген.
«Мен ойлаймын бәрі Алланың қалауымен болады ғой. Көрер жарығы болғандықтан, өмірге ұл келді. Есімін Муслим деп үлкен ұлым өз қойды. Аллаға шүкір, қазір өсіп жатыр»
Қартайғанда көрген бала тәтті болатынын әнші де жасырмайды. Алайда, артық еркелетіп, иіскеуге жүрегі дауаламайды екен.
«Шынымды айтсам, Муслимді қатты құшақтап, иіскеп, еркелете алмаймын. Ол да менің ұлым ғой. Жүрегім жылып, тәтті иісін құшарланып иіскегім келеді. Бірақ, қыздарымды ойлаймын. Көңілдеріне тиіп кете ме деген қорқыныш бар. Қазір өтпелі кезеңде бауырынан қызғанып, іштей реніш қалыптаспаса деймін. Қазір маған оңай емес. Екі жақтың ортасында жүремін. Үнемі қайда жүрсем де өзара келіспей немесе бір-біріне қатты сөйлеп қалмаса, араларына сызат түспесе екен деп тілеп жүремін»,- деп іштегі сырын Абай Бегей алғаш ақтарды.
Расында, ананың орнына ана табу мүмкін емес. Оның үстіне қос қызғалдағы қазір мектеп жасында, өтпелі кезеңде жүр. Бұл уақыт әкенің уайымын күшейтіп, көп кезде өзінің басты ұстаным мен қатал қағидаларына қарсы келуге мәжбүрлейді екен. Мысалы, «Абай қызын әнші етіп, ақша таппақшы» деген пікірлерді естіген кезде әке жүрек жарылып кете жаздайды. Ал, Сымбатының сахнаға қадам ойламаған жерден орын алған.
«Негізі қыз баланың сахнаға шығуына мен түбегейлі қарсымын. Нұрмұхамед менің інімнің баласы. Ақтаудан көшіп келді. Бәріміз Сымбаттың дауысы бар екенін білеміз. Үйде ыңылдап айтқанын естіп жүрміз. Нұрмұхамедтің папасы Ибраһим екеуіне бір дуэт жазып берейік деп қолқа салды. Әдемі айтып шықты. Кейін тағы бір «Сағындым анашымды» деген ән тауып әкеліп, тағы ұсыныс жасады. Солай жүргенде қалай бәрінің басталып кеткенін байқамай қалдым. Қызым да «айтайыншы, сахнаға шығайыншы» деп қиылып сұранып жүр», — дейді Абай мырза.
Ал, үзілді-кесілді қарсы болып, бәрінің нүктесін қоюға әншінің жүрегі дауаламай жүр. Себебін ол былай түсіндірді: «Жоқ, айтпайсың деп шорт кесейін десем көңілін ойлап тұрмын. Егер анам болғанда айтқызар ма еді деген сияқты кірбің түсіп, жабырқап қала ма деп те уайымдаймын. Анам болғанда бәрі басқаша болар ма еді деп мұңға батпаса деймін. Анасының орнына ана бола алмаймын. Бірақ, ол кісінің жоқтығын сездіргім, қыздарымның жүрегін жаралағым келмейді».
Сол себепті жұлдызды әке әзірге ерке қызын өзімен сахнаға алып шығуға бел буған. Алайда, болашақта тәтті қыздары бойжеткен кезде басқа саланың маманына айналады деп сенеді.
Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!
Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.
stan.kz