Кенжебек Шайқақовтың «Айқай» фильмі Францияның халықаралық кинофестивалінде Гран-при жеңіп алды

0

Қазақстандық режиссер Кенжебек Шайқақовтың «Айқай» толықметражды көркем фильмі Францияның Везуль қаласында өткен 30-шы Халықаралық Азия фильмдері кинофестивалінде Халықаралық Қазылар алқасы тағайындаған Гран-приді жеңіп алды. 

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының мәліметінше, картина бұған қоса Орта Азия киносыншыларының «НЕТПАК» жүлдесін және Марк Хаас атындағы арнайы сыйлықты да иеленген.

Сондай-ақ, фильмде басты рөлдерді сомдаған Орынбек Шаймағамбетов пен Арнұр Акрамға қазылар алқасының арнайы дипломы табысталды.

Осылайша төрт бірдей жүлдеге ие болған «Айқай» төрешілерді тәнті қылған таңдаулы фильмдердің бірі ретінде Везуль кинофестивалінің тарихында қалды.

Айта кетерлігі, бұған дейін Оңтүстік Кореяда 4-13 қазан аралығында өткен әйгілі Пусан кинофестивалінде аталған қазақстандық картина А Window on Asian Cinema бағдарламасында көрсетіліп, тұсауы кесілген болатын.

жүлде
Фото: Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы

Сонымен қатар, «Айқай» қараша айында Бішкек Халықаралық кинофестиваліне қатысып, фильмнің режиссері Кенжебек Шайқақов Қазылар алқасы ұсынған «Үздік сценарий» номинациясы бойынша арнайы жүлдені иеленді.

Естеріңізге сала кетсек, Кинокартина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ қолдауымен түсірілген.

«Фильмде күллі қазақтың қасіреті болған „Семей полигоны“ құрбандарының тағдыры ядролық жарылыстан зардап шегіп, қос аяқсыз дүниеге келген азаматтың өмірі арқылы бейнеленеді. Жарынан айырылған жалғызбасты ер адам мен жарымжан әкесіне жанашыр, қамқор бола білген баланың күйбең тіршілігі арқылы режиссер 1980-90 жылдардағы халықтың жағдайын көрсетеді» — делінген хабарламада.

Көркем фильмнің түсірілімі Абай облысы, Аягөз ауданы, Шыңғожа ауылында өткен.

Режиссердің айтуынша, картинада басты рөлдегі Меліс атты кейіпкерді кәсіби актер емес, расында екі аяғынан айырылған қызылордалық азамат — Орынбек Шаймағанбетов сомдаған. Ал Мелістің мектеп қабырғасында оқитын ұлы — Жалғастың рөлін Алматы облысы Қарасай батыр атындағы мектептің 7 сынып оқушысы Арнұр Акрам ойнаған.

Сондай-ақ, қосалқы рөлдерде белгілі актерлар Ерболат Әлқожаев, Бейнұр Баймұхамбетов, Ерлан Малаев, Айбек Иманқұлов, Айғаным Нұрсұлтан бой көрсетеді.

кино
Фото: Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы

«Фильмнің түсірілім кезеңі 2022 жылдың қазан айында аяқталып, 2023 жылдың наурыз айында монтаж кезеңі басталды. Маусым айының соңына дейін созылған монтаж кезеңінде фильмнің түсі өңделіп, қайта дыбыс жазу, компьютерлік графика, дыбыс әрлеу жұмыстары жүргізілген. Фильмнің соңғы нұсқасы Мемлекеттік Ұлттық Киноны қолдау орталығының экспертті кеңес өкілдеріне 26-маусым күні көрсетіліп, бекітілді» — дейді режиссер Кенжебек Шайқақов.

түсірілім
Фото: Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы

Фильмнің режиссері және сценарий авторы — Кенжебек Шайқақов 2014 жылы «Аманат кз» продюсерлік орталығының қаржыландыруымен «ДSfilm» киностудиясында дебюттік «Күркө» атты фильмін түсіргенін еске сала кеткен абзал. Аталған кинокартина да бірнеше халықаралық кинофестивальдерде жүлделі орындар иеленген.