Кенжебек Бижанов, кардиохирург: Шетелге барып ем алатындар, отандық медицинаның қадірін білмейді

0
386

Кардиохирург Кенжебек Бижанов А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық Ғылыми Хирургия Орталығында қызмет атқарады. Отандық кардиология, кардиохирургия, аритмология саласындағы білікті мамандардың бірі. KzNews бүгін еліміздің медицинасы төңірегінде, жүрек аурулары туралы Кенжебек Бижановпен болған сұхбатты назараларыңызға ұсынады.

– Кенжебек мырза, қазіргі Қазақстан медицинасында жүрек ауруларына байланысты даму қай деңгейде?

– Тәуелсіздік алған жылдары экономикалық қиындықтарға орай барлық сала, соның ішінде Отандық медицина да қиыншылықтарды бастан кешірді. Ұйымдастырылу, қаржыландыру, кадрмен қаматасыз етілу секілді мәселелер. Жылдар өте көп жұмыстар атқарылды, әлі де атқарылар жұмыстар жетерлік. Оның үстіне, медицина үнемі жаңарып, дамып отыратын сала. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, аурушаңдық пен өлім-жітім көрсеткіштері бойынша жүрек-қантамырлары аурулары және онкологиялық сырқаттар алдыңғы орында тұр. Біздің елімізде бұл басымдық орын алып келеді. Осыған орай, жүрек-қантамырлары ауруларының алдын алу және емдеу бойынша көптеген мемлекетттік бағдарламалар қабылданды, соның шеңберінде облыс орталықтары мен аймақтар ауруханалар салынды, медициналық орталықтар бой көтерді. Қазіргі Нұрсұлтан қаласындағы Медициналық Холдинг құрамына енетін Ғылыми медициналық Орталықтардың барлығы сол кездегі мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен іргетасы қаланған орталықтар. Бүгінде халыққа тиісті көмегін беріп, жемісін көрсетуде. Сонымен қатар, мұнан 10-12 жыл бұрын жүрек оталары республика бойынша тек А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық Ғылыми Хирургия Орталығында ғана жасалып келсе, кейінгі 10 жылдықта мемлекеттік бағдарламалар аясында барлық облыс орталықтарынан кардиохирургия бөлімшелері немесе орталықтары ашылды, үздіксіз жұмыс жасап келеді.

Бүгінгі таңда Отандық кардиология, кардиохирургия, аритмология даму деңгейі жоғары, заманауи талаптарға сай деп толыққанды айта аламын. Себебі, осыдан 20-25 жыл бұрын қолжетімсіз кейбір медициналық ем түрлері, оның ішінде кардиохирургиялық оталар еліміздің түкпір-түкпірінде жасалып жатыр.

Мысалы үшін, өзім еңбек етіп келе жатқан А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми Хирургия Орталығында жүрек хирургиясы бойынша әлемдік стандарттарға сай аритмологиялық, рентгенохирургиялық, кардиохирургиялық оталардың барлығы орындалады және халыққа қол жетімді, тегін жасалады. Ол үшін Орталығымыздың тиісті мамандарының кеңесі мен медициналық жолдамасы қажет.

– Пандемия кезінде медицинаның барлық саласы осы коронавируспен күреске жұмылдырылып, басқа маңызда салаларға көңіл бөлінбей қалған жоқ па?

– Сұрағыңыз орынды. Рас, пандемиямен күрес биологиялық соғыс жүріп жатқан секілді болды. Адам шығынын болдырмау, экономиканы тұралатпау мақсатында барлық күш осы індетпен күреске жұмылдырылды. Соның салдарынан, көптеген салаларда коллапс болды деуге болады. Коммуникация, госпитализация, стационарлық және амбулаторлық ем деген қиынның қиыны болғаны сіз бен біз куә болдық. Инфекциялық емес басқа да соматикалық және хирургиялық аурулары бар науқастар тиісті ем-шаралар алуға, хирургиялық көмек алуға мүмкіндік болмады, кедергілер көп болды. Соның салдарынан көптеген науқастар ауруының асқынуы салдарынан тиісті көмекке зәру күйінде көз жұмды, тірі қалғандар аурудың созылмалы түріне айналды. Қазір олар карантин шаралары азырақ жеңілдетілген соң емделуге қол жеткізе бастады. Әсіресе, созылмалы жүрек жетіспеушілігі, бауыр және бүйрек жетіспеушілігі бар сырқаттарға оңай тимегені рас.

Өзіңіз жеке айналысып отырған жүрек ырғағы бұзылыстары деген не? Осындай ауруға адам қалай тап болады? Жалпы жүрек ауруларын қалай алдын алған дұрыс?

– Адам ағзасының қанмен қамтамасыз етіліп, үздіксіз қызмет етуі үшін тұрақты қан айналымы болып тұруы шарт. Ол табиғи дүние. Адам жүрегі қалыпты жағдайда, тыныштық кезінде минутына 60 реттен 90 ретке дейін соғуы тиіс. Мұны біз кардиологияда – нормосистолия дейміз, яғни қалып жүрек ритмы. Ал енді сол жүрек соғысының соғу жиілігі минутына 60 реттен кем соқса оны жүрек соғысының баяулауы, яғни «брадикардия» деп атаймыз. Егер, минутына 90 реттен артық соқса жүрек  соғысының жиілеуі, яғни «тахикардия» дейміз. Жалпылама алғанда осындай жүрек ырғағы бұзылыстарын медициналық терминмен – «аритмия» деп атаймыз. Ал онымен шұғылданатын маман дәрігерді – «аритмолог» деп атайды.

Аритмология – Қазақстанда және бүкіл әлемде қарқынды дамып келе жатқан медицина саласы.

Адамда жүрек ырғағының бұзылуына көптеген факторлар ықпал етеді. Атап айтар болсақ:

  • Генетикалық фактор. Сәби дүниеге келген кезде жүрек ырғағы бұзылысымен дүниеге келуі мүмкін. Мысалы, Вольф-Паркинсон-Уайт синдромы, кейбір қарынша үстілік тахикардиялар мен брадиаритмиялар және де сол секілді ырғақ бұзылыстары.
  • Қалқанша безінің аурулары. Қалқанша безі ағзада үлкен маңызды орын алады. Оның гормон бөлу қызметі күшейіп кетсе жүрек соғысын жиілетіп жібереді, әсірісе жүрекшелер фибрилляциясын дамытады. Ал қалқанша безінің қызметі жеткіліксіз болғанда метаболизм әлсіреп, жүрек соғысы баяулайды, брадикардия шақыруы мүмкін, кейде экстрасистолиялар туындатады.
  • Жоғары қан қысымы. Бұл жүрек бұлшықеттерінің қан айналымын нашарлатып, жүректің ишемиялық ауруын дамытады. Сондай-ақ, жоағры қан қысымы жүрек бұлшықетінің қалыңдауын, яғни миокард гипертрофиясын шақырып, жасушалардағы электримпульс берілуін өзгертуі мүмкін.
  • Қан диабеті. Қандағы қанттың деңгейі шектен тыс жоғарылағанда жүректің ишемиялық ауруы мен қан қысымының жоғарылауына, яғни артериалдық гипертензияның дамуына жағдай жасайды, сол арқылы жоғарыда аталған жүрек жасушалары – кардиомиоциттердің арасында электримпульстің таралуын өзгертеді, демек аритмия туындатады.
  • Электролиттік бұзылыстар. Калий, магний, натрий, кальция секілді химиялық элементтер жасушалар қызметінде, әсіресе жүрек бұлшықттерінің қызметіне аса қажет. Олардың деңгейінің шектен тыс жоғарылап кетуі де, төмендеп кетуі жүректің электрлік белсенділігіне әсер етіп, әр түрлі аритмиялардың дамуына себепші болады.
  • Стимуляторларды қолдану. Басқаша айтқанда қоздырғыш, тітіркендіргіш заттар тұтыну. Кофеин, никотин, наркотикалық заттар, психостимуляторлар және т.б. сол сықылды адам ағзасының гормондық және жүйке жүйесін тітіркендіруші заттар жүрек бұлшықетінің уақытынан бұрын жиырылуын туғызып, ырғақ бұзылысын – медицина тілімен айтқанда «экстрасистолия» шақырады. Аритмологияда бізге мәлім, жүрек ырғағында өзіндік бір реттілік бар, оны біз жүрек циклы дейміз, жоғарыда аталғандар сол циклды әсер етеді.

Сонымен қатар, кейбір дәрілік заттарды дәрігердің кеңесінсіз немесе мөлшерден тыс қолдану, құрамы беймәлім биологиялық белсенді қоспаларды немесе дәрілік шөптерден жасалған өнімдерді үнемі тұтыну, шылым шегу, есірткілерді қолдану, күйзелістер, жүрек созылмалы жеткіліксіздігі, миокард инфрактысы, кардиомиопатиялар,  тағы сол секілді факторлар жиі аритмиялардың пайда болуына себепкер бола алады.

Жүрек ауруларының алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстанған абзал. Ауырып ем іздегенше ауырмаудың жолын іздеген тиімдірек. Жеткілікті тынығу, ұйқы гигиенасын сақтау, табиғи таза өнімдерді тағам рационында пайдалану, күнделікті тағамға ас тұзын аз қосу, қантты және тәтті өнімдерді шектеу, таза ауда көбірек серуендеу, қимыл-қозғалысты молайту, дене шынықтырумен тұрақты шұғылдану, емханадан жасына сай медициналық тексерулер – скринингтен ережеге сай өтіп тұру, аурудың алғашқы белгілері пайда бола бастағаннан дәрігердің кеңесіне жүгіну  – осының бәрін сырқаттарды болдырмауға және ерте сатысында анықтауға көп көмегін тигізеді.

– Қазақстанда жүрек ауруымен ауыратын адамдар көп пе? Басқа елдерде қай деңгейде?

– Қазақстанда жүрек ауруымен ауыратын науқастар көп деуге болады. Оған тұрғындардың арасындағы генетикалық факторлар, өмір сүру салты, азаматтарымыздың психологиясы, менталитеті, халықтың әл-ауқат деңгейі, отандық денсаулық сақтау саласының ұйымдастырылуы, экономикалық жағдай, т.б. бірнеше себептер бар.

Басқа алдыңғы қатарлы елдердегі медициникалық көмектің ұйымдастырылуы деңгейі мен ауруды дер кезінде ерте анықтау деңгейі жоғары дәрежеге жеткен. Оны мойындауымыз керек. Біздегі жасалатаын ем түрлері ол елдердікінен кем емес. Тіпті бізде олардан артықшылығы – тегін. Бұл халыққа жасалып отырған үлкен мүмкіншілік. Кей жағдайда біздің менталитет сол тегін көмекті қадірлемеумен ұштасады. Ал кейбір көрші елдердікінен біздің медицина алда келе жатыр. Мысалы, көршілес Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстаннан бауыр және бүйрек жетіспеушілігі бар науқастар біздің елден хирургиялық көмек – ағза трансплантациясына жасатуға келеді.

Аритмология, кардиохирургия бойынша да көршілес мемлекеттерден келіп хирургиялық ем алушылар жоқ емес. Өз елінде жоғары мамандандырылған көмек ала алмайтын болған соң, басқа мемлекеттердің  дәрігерлерін жүгінеді. Европалық клиникалармен салыстырғанда шет ел азаматтары үшін ақылы медициналық көмек Қазақстанда анағұрлым арзан.

Ағзалар трансплантациясы бойынша біздің Хирургиялық Орталыққа көршілес мемлекеттерді былай қойғанда, сонау Израиль мен Жапониядан келген азаматтар да бар. Бұл –  қазақстандық хирургияның жоғары деңгейінің айғағы.

– Соңғы 1-2 жылда, әсіресе пандемия кезінде әлемде медицина қызметкерлеріне сұраныс артты. Елден кетіп жатқан мамандардың арасында да осы сала қызметкерлері көп. Қалай ойлайсыз, бұл төленетін ақшаның аздығы ма? Министр Цой дәрігерлердің жалақысы көтерілетіні туралы айтып еді. Сіздердің жалақыларыңыз өсті ме? Министр өтірік айтып отырған жоқ па? Сіздің шетелге кету ойыңызда жоқ па? Шетелден ұсыныстар болды ма?

– Сөзіңіз рас. Қазақстанда ғана емес, жалпы дүние жүзінде медицина қызметкерлеріне деген көзқарас өзгерген сықылды. Медицина мамандары тапшы болып кетті, кәрі құрлықта зейнетке кеткен дәрігерлер қайта жұмысқа шығып, халықты құтқаруға білек сыбана кірісіп кеткенін былтыр ғана жаңалықтардан жиі көрдік, есіттік.

Біздің елімізден азаматтардың, соның медицина мамандарының шекара асуы – олардың әлеуметтік қамсыздандырылмауы мен болашаққа деген сенімінің азаюы. Ал кейбірі енді, мансабын жоғарылату, кәсібі біліктілігін шыңдау, отбасылық жағдайына байланысты шығар. Өз басым мұнан басқа себептерді байқай алмадым. Денсаулық сақтау мамандары еңбекақысының төмен екендігі ақиқат. Жасыратын жоқ, елімізде дәрігердің орташа айлығы 200-300 доллар шамасында, бәлкім арасында мұнан артық не кем алатындары бар шығар. Ол енді жұмыс өтіліміне, санаттылығына, жұмыс саласына байланысты.

Ақпан  айынан бастап еңбекақы төленгенде санаттылық (категория) ескерілмейтін болды да, оның орнына жұмыс өтілімі (стаж) ғана есепке алынатын болды, нәтижесінде айлығымыз жоғарылағаны рас. Былтыр да жыл басында айлығымыз біршама жоғарылаған. Біз енді жазушы Герольд Белгер жазғандай «шүкір-шүкір, тәубе-тәубемен күн кеше беретін халықпыз» ғой )))) . Бұған да шүкір.

Шет елге жақсы өмір, жақсы табыс үшін көшу ойыма келген. Ұсыныстар да, армандар да  болды.  Бірақ, ұзақ ойлана келе, қалтамды қалыңдатқаныммен, тұрмысымды оңалтқаныммен, туған елден жырақтап, түбірімді жоғалтып аламын ба деп қауіптенемін. Оның үстіне өз Отанымның табиғаты маған қатты ұнайды. Біздің елімізде жылдың барлық мезгілдері өтеді, сонысымен де мені баурайды.

Мен ана тілімде білім алып, өзімнің ұлттық құндылықтарымды бойыма сіңіріп өстім. Ал шет елге көшіп біржола кететін болсам, менің ұрпағым бұл елге қайтып оралмайды.  Сонысымен қауіпті. Түбірін жоғалтқан адам – тамыры жоқ тал секілді емес пе?

Әзірге нақты жоспар жоқ.

«92 жастағы қарияға кардиостимулятор имплантациялап, риза қалпында шығарып салып тұрған сәтім. Менің тәжірибемдегі ең қарт пациент! Жүрек соғысы өте баяулап, арасында бірнеше секунд тоқтап қалып жүрген екен.» (с)Кенжебек Бижанов

– Соңғы кезде шетелге барып ем алатын адамдар көбейді. Мысалы, Кореяға, Түркияға, т.б мемлекеттерге. Бұл біздің медицинамыздың сапасының сын көтермей тұрғанын білдірмей ме?

– Шет елге барып ем алушыларды әр түрліс себептермен бөлуге болады. Бірі материалдық жағдайының жеткілікті болуына орай кетсе, бірі отандық медицинаның қауқарын білмегендіктен кетеді. Кей азаматттарда «бар жақсы шет елдерде ғана» деген түсінік әлі де бар. Сирек кездесетін ауру түрлері ғана бойынша ол елдердегі көмек сапасы біздікінен жоғары болар, нақты өз көзіммен салыстырып көрмедім. Бірақ, өзім істеп жүрген аритмология, кардиохирургия саласы бойынша Отандық интервенциялық аритмология мен кардиохирургия еш елдікінен кем емес. Алдыңғы жылдары Франциядан шыққан «CARMAT» деп аталатын жасанды жүректі науқасқа қондыру және оны биологиялық жүрекке алмастыру отасын әлемде бірінше болып жасаған Қазақстандық кардиохирургия жахан медицинасын таңдандырғанын жаңалықтардан жарыса жазды.

Жетістіктерді жоққа шығара алмаймын, бәрі бірдей жаман емес.

– «100 жаңа есім» жобасына қатысып жатыр екенсіз, сізге сәттілік тілейміз!

– Көп рақмет! Бұл республикалық байқау Елбасы Нұрсұлтан ӘБішұлының бастамасымен 2017 жылы ұйымдастырылған. Байқау жеңімпаздарымен Тұңғыш Президент кездесу барысында  «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзектілігін атап өтеді, әр түрлі салада еңбек етіп жатқан азаматтарға жеткен жетістіктерімен тоқтап қалмай алға қарай ұмтылуға, елге қызмет етуге шақырып, сәттіліктер тілейді.

Биылғы байқаудың форматы мен қорытындылануы мүмкін соңғы эпидемиялогиялық жағдайларға орай мүмкін басқаша болатын шығар, оны уақытында көре жатармыз.

Жалпы Отандық Денсаулық сақтау саласында 10 жылдан аса еңбек етіп келе жатқандықтан, бұл байқауға мен де қатысып көруді жөн көрдім. Өзімді басқа қырымнан бір сынап көруге бел будым. Өмірдің әр саласында із қалдырып жүрген мен үшін қызықтырақ. Бірқалыпты өмір мені жалықтырып жібереді, сондықтан бәріне де үлгеруге, көңіл-күйді көтеріңкі ұстауға тырысамын.  Мектеп жасымда түрлі спорттық жарыстарға, дебат клубтарға, жігіттің сұлтаны, 21 ғасыр көшбасшысы секілді, т.б. оқуышлар арасындағы сайыстарға, олимпиадаларға жиі қатысатынмын, көптеген жүлделі орындар иеленетінмін. Онан кейін Университет қабырғасында жүрген кездерде де студенттер мен жас ғалымдар арасындағы үйірмелер мен байқауларға жиі қатысып, орындарға ие болғаным бар. Онан кейін Кардиохирургия мамандығы бойынша 4 жылдық резидентурада жүрген кездерімде де қазақстандық және халықаралық медициналық ғылыми байқауларда бақ сынап көрдім. Оған түрткі болған, ой салушы, жол көрсеткен ұстаздарым да бар, оларға үлкен алғыс.

Бұл жолы тағы бір бақ сынап көрмекпін!

– Әңгімеңізге рақмет, жұмысыңызға сәттілік тілейміз!

Мәскеулік аритмолог профессормен бірге жүрекке жасалған ота

Сұхбаттасқан: Мейіржан Әуелханұлы, KzNews

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету