Кентау экологиялық апат аймағы атанды: тұрғындар жалақысына 20% қосылады

0

Кентау қаласы экологиялық апат аймағы деп танылды және тұрғындар жалақысына 20% үстемеақы қосылады. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды айтты.

Өз жауабында әкім бұл мәселе ондаған жылдар бойы көтеріліп келе жатқанын айтты.

«Шардара, Арыс, Отырар, Сауран аудандарының және Түркістан қаласының бір бөлігі — бәрі де Арал маңындағы дағдарыс алдындағы аймаққа жатады. Сондықтан олар экологиялық аймаққа енеді. Алайда жағдай мынадай: Сауран ауданы Кентау қаласымен шектеседі, оның жартысы Кентау қаласының аумағында орналасқан және экологиялық апат аймағына енбейді. Осыған байланысты тұрғындар «Кентауды Арал маңының дағдарыс алдындағы аймағына қосу туралы» нормативтік құжат қабылдау мәселесін көтеріп жатыр», — деді Д. Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бұл шешім тұрғындар жалақысына 20% үстемеақы қосуға мүмкіндік береді. Бұл үшін қосымша 6 миллиард теңге қажет.

«Денсаулық сақтау және Экология министрліктері тиісті зерттеулер жүргізіп, экологияның Кентау тұрғындарына да әсер ететінін анықтады. Осылайша, Кентауды экологиялық аймаққа енгізуге болады деген шешім қабылданды. Бұл үшін қосымша 6 миллиард теңге қажет. Қазіргі уақытта осы қаражаттың қайдан бөлінетінін — республикалық немесе жергілікті бюджеттен алу мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Дегенмен, жалпы алғанда, мұндай шешім қабылданғанын айтуға болады», — деді Дархан Сатыбалды.

Тамыз айында Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков Кентау қаласындағы экологиялық жағдай күннен-күнге күшейгенін, ауа мен судың ластануынан онкологиялық аурулар да асқына түскенін көтерген еді.