Кеншілер аймағындағы күн энергиясы. Сарандағы станция қашан ашылады?
160 ГЕКТАР, 307 МЫҢ ПАНЕЛЬ
Саран қаласында күннен қуат өндіретін электр станциясының құрылысы 2017 жылы басталған, одан бір жыл бұрын жерін дайындады. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов құрылыс іргетасына капсула қалау рәсімі кезінде жаңа нысанды сол кезде Астанада «Болашақ энергиясы» тақырыбымен өткен EXPO көрмесіне аймақтың тартуы деп атаған.
Әуелде бұл нысан 2018 жылы қарашада ашылады деп жоспарланған. Бірақ кейін оны «жыл соңына дейін» қалдырған.
Саран әкімдігі Азаттық тілшісіне енді күн электр станциясының ресми ашылуы қаңтардың 23-іне бекітілгенін хабарлағанымен, оның мерзімін неліктен ауыстырғанын айтпады.
Экологиясы лас аймақта күн электр станциясын салып жатқан компания өкілі жұмыста іркіліс болмағанын айтады.
— Нысанды кешенді сынау [өткен жылы] желтоқсанның 30-ы күні басталған, заң бойынша ол коммерциялық пайдалану мерзімі басталған күн болып саналады, — дейді SES Saran компаниясының бас директоры Евгений Гребенников.
Оның сөзінше, SES Saran компаниясы Саранда шетелдік Solarnet GmbH компаниясымен бірлесіп жұмыс істейді.
Қаңтардың 4-інде күн электр станциясын фотоға және видеоға жақыннан түсіру мақсатымен барған Азаттық тілшісін оның аумағына кіргізбеді. Тілші суреттерді қоршаудың сыртынан түсірді. Күн панельдерінің көбін қар басып қалыпты. Кейін Азаттық тілшісі сөйлескен SES Saran компаниясы бас директоры панельді қардан тазартудың қажет еместігін айтты.
Компания дерегі бойынша, станция уақытша жалға алып отырған 160 гектардан астам жерге 307 мың 664 панель орнатылған. Саран қаласына кіреберісте, далада орналасқан, металл қоршауы бар нысанды күзетшілер бақылайды.
Қарағанды облысы билігінің ақпараты бойынша, жобаның жалпы құны 139,5 миллион еуро тұрады. Станцияның қуаты — 100 МВт (салыстыру үшін айтсақ, Қазақстандағы барлық электр станцияларының жиынтық қуаты — 20 мың МВт-қа жуық).
Жобаға бойынша жаңа нысан жылына 145 миллион киловатт сағат электр энергиясын өндірмек. Билік пен инвесторлар станцияның экологияға қауіпсіз екенін, парник газдар мен күл бөлмейтінін айтады.
ТҰРҒЫНДАР ТАРИФТІ УАЙЫМДАЙДЫ
Саран тұрғындары қала маңында күн электр станциясы салынып жатқанын біледі, бірақ жаңа нысанның тұтынушыларға қалай әсер ететіндігінен бейхабар.
— Бізбен ешкім кездескен жоқ, жағдайды түсіндірмеді. Әйтеуір, ең бастысы, тұтынушыларға қымбатқа түспесе болғаны. Қазір Саран облыс бойынша электр энергиясына бәрінен қымбат төлейді, — деді Азаттық тілшісіне Саран тұрғыны, жергілікті пәтер иелері кооперативінің жетекшісі Татьяна Сухоцкая.
Шахтерлер кентінде электр энергиясын көп тұтынады: өнеркәсіп кәсіпорындары көп елдімекендегі көп пәтерлі үйлердің басым бөлігінде орталықтан жылыту жүйесі жоқ, адамдар электр қазандығы мен электрмен істейтін су жылытқышты пайдаланады. Оның бәрі тұрғындарға қосымша салмақ түсіреді.
— Үйде ыстық су болу үшін үнемі титан қосамыз, ол электр энергияны көп қажет етеді, — дейді Саран тұрғыны Наталья Флек.
Күн станциясы өндіретін энергияның өзіндік құны шамамен киловатт-сағатына 36,41 теңгеге түседі. Бұл осы аймақтағы тұтынушыларға арналған тарифтен 2 — 2,5 есе көп. Бұрын жергілікті билік Саран қаласы мен Қарағанды облысының тұрғындары «электр энергиясының қымбаттауын сезінбейді» деп уәде берген еді.
Станция құрылысын бастау салтанатты шарасында сол кезде облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Анатолий Шкарупа (алдында Саран қаласының әкімі, онан соң энергетика вице-министрі болып істеген, кейін сыбайлас жемқорлық айыбымен жұмысынан кетті, 2018 жылы қарашада қамауға алынды) жоба шығынының орны өтелген соң (шамамен сегіз жылдан кейін) энергия бағасы арзандайды деген болатын.
Биліктің түсіндіруінше, станция өндірген энергияны сатып алуға мемлекет кепіл болады. Оны KEGOC электр желісін басқару жөніндегі ұлттық компания сатып алмақ.
— Энергия KEGOC ортақ желісіне кіреді, қосымша 100 МВт береді, ал KEGOC бұл энергияны ары қарай қызмет көрсетушіге сатады, содан соң Қазақстанның түрлі аймағындағы тұтынушыларға тарайды, — деді Азаттық тілшісіне Саран қаласы әкімі аппаратының жетекшісі Станислав Поведа.
Саранда станция салып жатқан компания өкілдері де жаңа нысан өндіретін энергияның құны «тұтынушыға әсер етпейді» деп сендіреді.
КӨМІР ЭНЕРГЕТИКАСЫМЕН ҚОШТАСУ МА?
Тәуелсіз эколог Дмитрий Калмыков Қарағанды облысында балама энергия көздерін дамыту қажеттігін әріптестерімен бірге бірнеше жылдан бері айтып жүр. Оның пікірінше, кеншілер аймағы «толық тәуелді» болып отырған көмір энергетикасынан біртіндеп құтылуы керек.
— Эколог ретінде айтарымыз, ауа тазарсын десек оларды (күн электр станцияларын. — Азаттық) көбейту қажет, қазіргіден 10 есе көп болуы керек. Көмір энергетикасын тұтынбайтын басқа мемлекеттер тұрғындарымен салыстырғанда қазақстандықтардың өмірі қысқа болады. Біздегі энергияның 90 пайыздан астамы – ескі әрі өте лас көмір энергетикасы. Сондықтан көмірге тәуелділікті азайтатын кез келген энергия көзі өмірімізді ұзартады, — деді Азаттық тілшісіне эколог, «Қарағанды облыстық экологиялық музейі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дмитрий Калмыков.
Оның айтуынша, балама энергия көзінің бір үлкен кемшілігі – олар тұрақты емес, күннің көзі әрдайым шығып тұрмайды, жел үнемі соғып тұрмайды. Энергия көзі әртүрлі болуы керек: жердің жылуынан, желден, күннің көзінен алынуы керек. Мұндай әртараптылық «лас» энергетикаға тәуелді болудан толық құтқармаса да, азайтады дейді ол.
Дереккөз: Азаттық