Кения желаяқтарының жетістігі

0
99

Кения феноменінің жылнамасы әріден бастау алады. Африканы «қара маржандары» саналған ел дүбірлі додаға 1956 жылдан бері қатысып келеді. Ә дегеннен кениялықтардың Олимпиадада жолы бола қойған жоқ. Байрақты бәсекенің жүлдесін жеңіп алу үшін 8 жыл күтуге тура келді. Токио Олимпиадасында (1964 жыл) Уилсон Кипругут 800 метрге жүгіруден мәре сызығын үшінші болып кесіп, қола медаль олжалады. Айтпақшы, Кипругуттың жүгіруге жаттығуы да ерекше. Ол түйеқұспен бірге жүгіріп, әрдайым өзін шыңдап отырған екен.

Ізашар жүйрік Кипругуттың бағындырған биігі Кения желаяқтарының томағасын сыпырды. Мексика Олимпиадасында (1968 жыл) желаяқ күміспен күптелген-ді. Ал оның әріптестері 3 мәрте мәре сызығын бірінші болып кесті. Бұдан бөлек, кениялық желаяқтар 3 күміс және 2 қола жүлде олжалады. Кипругут бастаған желаяқтардың сол жетістігін жерлестері әлі күнге аңыз етіп айтады. Солтүстік Америкадан қоржыны қампайып оралған Кения сайыпқырандары жарты ғасырдан аса уақытта Олимпиаданың тұп-тура 100 медалін жеңіп алған екен. Соның 7-еуі боксшыларға тиесілі болса, төртжылдық доданың 93 жүлдесін ел қоржынына Кения желаяқтары салған. Соның 31-і алтын, 38-і күміс, 31-і қола медаль.

Кениялықтар үшін Кипчоге Кейноның орны дара. Екі мәрте Олимп шыңын бағындырған, ел әнұранын тұңғыш рет байрақты бәсекеде шырқатқан желаяқтың ел тарихындағы үлесі ерен. Кейно Мехико Олимпиадасында (1968 жыл) 1500 метрге жүгіруден алдына жан салған жоқ. Ол 5000 метрлік сайысқа да қатысып, жеңіс тұғырының екінші сатысына шықты. Мюнхенде (1972 жыл) өткен дүбірлі додада желаяқ 3000 метрге кедергімен жүгіруге қатысып, мәреге қара үзіп келді. Дегенмен, 1500 метрге жүгіруде сынға түскен ол Мехикодағы жетістігін қайталауға сәл жетпей қалып, күміс жүлдені місе тұтты. Кейно 1999 жылдан бері Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы болып қызмет атқарады. Ол басшылық еткелі бері кениялық спортшылар Олимпиададағы медаль санын 53-ке, ал әлем чемпионаттарында жеңіп алған жүлде қорын 94-ке ұлғайтты.

Кипчоге Кейно

Олимпия ойындарында Кения жүйріктерінің жетістіктері адам таңғаларлықтай. Мәселен, Барселонада (1992 жыл) өткен төртжылдықтың дүбірлі додасында үш бірдей кениялық желаяқ жеңіс тұғырына қатар көтерілді. 3000 метрге кедергілермен жүгіруде оларға тең келер ешкім болған жоқ. Афины Олимпиадасында (2004) кениялық желаяқтар сол жетістігін тағы қайталады. Эзекиель Кембой 3000 метрлік сайыста мәре сызығын бірінші болып кессе, тағы бір жүйрік Бримин Кипруто күміске қол жеткізді. Үшінші кениялық спортшы Поль Коеч қола медальді қанжығасына байлады. Бримин араға төрт жыл салып, Бейжіңде (2008 жыл) топ жарса, Кембой орда бұзар шағында Лондон Олимпиадасының (2012 жыл) жеңімпазы атанды.

Рио Олимпиадасы кениялық жүйріктердің жасындай жарқылдаған байрақты бәсекесіне айналды. Аталған додада ел қоржыны 6 алтын, 6 күміс, 1 қола жүлдеге ұлғайды. Орда бұзар шағында Элиуд Кипчоге марафонға жүгіруден алдына жан салған жоқ. Риоға дейін Элиуд екі Олимпиадаға қатысып, күміс және қола медаль иеленген болатын. Кипчогенің ізін ала 800 метрге жүгіруден Дэвид Рудиша екінші мәрте Олимп шыңын бағындырды. Бразилияда Вивиан Черуйоттың да бағы жанды. Лондонда күміс пен қоланы місе тұтқан Черуйот Риода аңсаған алтынына қол жеткізді.

Кениялық атлеттердің бағындырған бірегей белестері әлем чемпионатында да жетіп-артылады. Аталған елдің желаяқтары 5 мәрте жеңіс тұғырына қатар көтерілді. Үш шақырымға кедергілермен жүгіруден 1997, 2007 және 2015 жылдары өткен әлем чемпионаттарында кениялық жігіттер ешкімге дес бермей, бүкіл медальді өздері иеленді. 2015 жылғы Бейжіңде өткен турнирде тіпті мәреге төртінші болып келген де сол елдің өрені еді.

Айтпақшы, Қытай астанасындағы бәсекеде Кения 7 алтын, 6 күміс, 3 қола жүлде жеңіп алып, жалпы есепте тұңғыш рет топ бастады. Жігіттерден қалыспайтын Кения бойжеткендері 2011 жылы 10 000 метрге жүгіру және марафон сайыстарында оқ бойы озып келіп, екі жарыста 6 медаль олжалады.

Әлем біріншіліктерінде алтын алу Кения желаяқтары үшін түк емес. Тіпті, алтын медальді қос-қостап ұстап қайтатындар көп. Мәселен, Асбель Кипроп, Мозес Киптануи, Уилсон Кипкетер үш рет әлем шыңын бағындырса, Вивиан Черуйот пен Эзекиль Кембой 4 дүркін әлем чемпионы атанған. Жалпы Кения жеңіл атлетикадан әлем чемпионатына 1987 жылдан бері қатысып, 140 медаль (55 алтын, 48 күміс, 37 қола) жеңіп алды. Жеңіл атлетика бойынша жалпы есепте Кения қазір 2-орында тұр.

Әлем біріншіліктерінен бөлек дөңгеленген дүниенің әр түкпірінде марафон турнирлері өтіп тұратыны белгілі. Аталған бәйгеде де Кения жүйріктері шашасына шаң жуытпайды. Әлемдік марафон деп аталатын алты бәсекеде Кения желаяқтарының жеткен жетістігі ұшан-теңіз. 1988 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан Бостон марафонында аталған елдің желаяқтары 32 мәрте жеңіс тұғырының биігінен көрінді. Чикаго мен Нью-Йорк қалаларындағы марафонда да олардың мерейі үстем болды. Алғашқы бәйгеде кениялықтар 21 рет алтын медаль жеңіп алса, Нью-Йоркте 20 мәрте жеңіс тойын тойлады. Берлин марафоны да кениялықтардың оза шабатын додасының бірі. Аталған жарыста желмен жарысқан Кения жүйріктері 19 рет мәре сызығын бірінші болып кесті.

2013 жылғы жарыста қайталанбас бірегей оқиға болды. Ерлер арасындағы бәсекеде мәреге алғаш болып жеткен 5 спортшының бәрі Кения оғландары еді. Әйелдер арасындағы марафонда да шығыс африкалықтардың айы оңынан туып, алтын мен қола медальді қанжығасына байлады. Тұрмысы төмен, халқының саны көп Кения осылайша желмен жарысқан желаяқтарының арқасында атағы күллі әлемге таралып, даңқы асып тұр.

Халқының саны көп демекші, Кения желаяқтарының өзіндік құпиясы бар. Елдегі жеңімпаз желаяқтардың басым бөлігі елдегі бір тайпаның ғана ұрпағы екенін білесіз бе? Дәл осы сұрақты Англияның белді білім ордасы Лидс университетінде оқып жүргенде Кениядан шыққан Никсон есімді группаласым қойған еді. Көзімдегі таңданысты байқап, жауап бере қоймасымды түсінген ол шашасына шаң жұқтырмайтын кіл желаяқтарды тәрбиелейтін желаяқ тайпа туралы әңгімелеп берді.

Каленжин тайпасынан шыққан спортшылар

Аузымен құс тістеген жүйріктердің көп шығуына байланысты Каленжин тайпасын былайғы жұрт «желаяқтар тайпасы» деп атап кеткен. The Atlantic басылымының мәліметіне сүйенсек, Кения чемпиондарының төрттен үші саны 4,5 миллионға жуық Каленжин тайпасының оғландары екен. Жоғарыда айтылған Кипчоге Кейно секілді қаһармандар да осы тайпаның ұрпағы саналады.

Қашықтыққа жарысудан алдына қара салмаған кениялықтар феномені ғылыми зерттеу «объектісіне» де айналып үлгергелі қа-шан. Кейбір ғалымдар жүйріктің себебін тамақтанудан іздесе, келесісі биологиялық жаратылысына көңіл бөлген. Мәселен, 2000 жылы Даниядағы Спорт ғылымы институтының ғалымдары ұзақ уақыт Каленжин тайпасының өкілдерін бақылап, оларда оттегіге қанық қызыл қан түйіршіктері мол екенін аңғарған. Тағы бір зерттеудің қорытындысы жүйріктікті тұрғындардың аяқтары құсқа ұқсас болуымен байланыстырады. Америкалық NPR онлайн басылымы таратқан ақпарат бойынша, каленжиндіктердің желаяқтығына тайпадағы адам денесіне жасалатын ғұрыптар әсер етуі ықтимал.

Ғалымдар өздерінің түрлі болжамдарын ұсынып, Каленжин құпиясын ашуға әлі талпынып келеді. Әйтсе де, The Atlantic газетінің пікірі әлдеқайда құлаққа қонымды. Каленжин тайпасының құпиясы туабітті талант пен жанкешті жаттығудың арқасы екені анық.

Өйткені Кенияда желаяқтарды әзірлейтін мектептерде тамаша жағдай жасалған. Жүгіруге қажетті құрал-жабдықтар, денсаулықты бақылайтын құрылғылар – сақадай сай. Мектептердің түгелге жуығы кәсіби бапкерлермен қамтылған. Ара-тұра Вивиан Черуйот секілді әлем және Олимпиада чемпиондары Кения өрендеріне бар білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөліседі.

Осы орайда, Дэвид Рудишаның әрекеті көпке үлгі боларлық. Ол кіл жүйріктерді баптайтын Итен қаласындағы Сант-Патрик мектебінің шәкірттерімен бірге жаттығып, жеңіл атлетиканың қыр-сырын үйретеді. Елестетіп көріңізші. Мектептен сыртқа шыққан шәкірт аулада тал егіп жүрген үш дүркін әлем чемпионы, Олимпиаданың күміс және қола жүлдегері Уилсон Кипкетерді көреді. Ал Барселона Олимпиадасының (1992 жыл) чемпионы Матье Бирир мен күміс жүлдегері Ричард Челимо мектеп залында демалып отырады. Бұл Сант-Патрик мектебіндегі шынайы жағдай. Осыдан кейін Кения өрендері желмен жарысып жүйткімей қайтсін.

Төрткүл дүниені мойындатқан таланттарды көріп өскен өрендер соларға қарап бой түзейтіні анық. Қалай десек те, Кения желаяқтарының жетістігі алаш баласына да үлгі боларлықтай.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/