КЕҢЕСБАЕВСЫЗ ӨТКЕН КҮНДЕР | «Айқын» газеті
Елу жетінші күз – суық күз
Өмірімде Кеңесбаевсыз күндер басталды.
Тағдырдың асау толқынында кішкентай ғана болмысымен ұлы өнерді жанына жалау етіп, оның Құдай басқа салмасын дейтұғын ащы азабын арқалаудан тартынбаған және күллі дүниенің ғажайыбына айырбастамас жан ләззатын сезген қайран жүрек қазанның соңын ала бере біржола тоқтады. Талғат Төкішұлы есімді кісі баласы адам ретінде, азамат ретінде, аға ретінде ендігі ғұмыр жүзінде болмаса да, оның «жазушы Талғат Кеңесбаев» деген атын өшірмейтін тот баспас асыл мұралар қалды. Пенденің қысқа ғұмыры мен жазушының екінші өмірі… бір сәттік және мәңгіліктен тұратынын бағамдаймыз. Осы екі аралықтағы ұғымды бойға сіңірмесек, онда біздің оған іні болып ерген затымызға және қалам қабілетін сыйлаған, талантын таныған әдебиетші атымызға сын болар еді. Өз ортасынан қағажуды көп көрген, әдеби бақталастықты басқа түгілі жақын достарынан тапқан ол адамға тән күйзелісті, шығармашылық тұлға болмысына қатысты психологиялық арпалысты, өзін-өзі қамшылау мен ширығу, кей-кейде дүниеден түңілу шырт түкіріп қайта сергу, жаңа жол табу секілді құбылыстарды кешіре отырып, ұлы өмірдің ағысынан танбаған қалпы жалғанның 57-көктемін көргенімен, күзін көру маңдайына жазбапты.
Жазушы туралы жазушы
Екі мыңыншы жылдардың басы, Астана іргесіндегі заты орысшалау ауылдың мектебінде білім алып жатқан маған әдебиет пәнінің мұғалімі, түбі қорғалжындық Айнаш Дүйсекеева «Қазақ әдебиеті» газетінің кезекті санын ұстатсын. «Келесі сабақта Заңғар бізге газетте жарық көрген «Лениннің бәтіңкесі» деген әңгімені талдайтын болады». Айқара бетті алып жатқан көлемді дүние «Көшпенділер» мен «Абай жолын» тамамдай алған оқушыға сөз боп па?! Лезде оқып шықтық та, таңғалумен болдық. Бірінен соң бірі жалғап әкететін майда жел секілді жылы сөйлемдер, атаулы сөздерден-ақ тұтастық құрайтын абзацтар, сан алуан кейіпкерлер мінезі мен сюжеттер құрылымы, тіпті Жазушы мен билікке ұмтылғыш Кішкентайлар арқылы қоғам мен отбасылық, туыстық пен өмір бәсекесін сипаттайтын сырлы туындыны мұғалім тапсырған келесі сабақта хал-қадірімізше айтқан болдық. Егер туындысында автордың өзі жүрмесе, туынды – туынды ма? Сол жазушы – Тәкеңнің өзі.
Аға баспада қызмет еткен жылдарында араласуымыз басталып, оның адами қалпын біле түсуімізде жан баласы үшін танысын-танымасын жүрегін қолға ұстап жүгіре жөнелетін ерекше болмысын айқындағандай едік. Туған ағалары бар, тумаған, өмір араластырған, әдебиет айдынында кез болған «ағалары» бар, сол «әттең, ағалары» алдын орап, жолын кес-кестеген жазушыдай моп-момақан боп Кеңесбаев тұрады.
Алайда «Лениннің бәтіңкесі» біраз жылдан соң Кеңесбаев бәтіңкесіне айналып ғұмыр жүзінде сабақтастық салтанатын құратынын білдім бе? Біздің Талғат аға Алматыдағы «Ұлт болмысы» байқауының бас жүлдесін «Түнде ұшқан қаршыға» повесімен іліп түседі. Осы жылдың көктемінде болған оқиға. Кешкісін «Князь» сияқты әзіл-әдебі жарасқан дос-бауырларымен шайқап отырып түн жарымын жұтады. Ертесінде басқа бір жанашыр жандармен Қырғызстанға барып қайтпақ. Таң алагеуімде ел тұрмай, кептеліс басталмай қаладан шығып кеткен жазушының қоңыр бәтіңкесі бөлмеде қалыпты. Дереу қоңырау шалғанымызда «менікі емес» деген жауап естідік. Қонақүйдің екі орынды бөлмесіне алғаш кіріп жайғасқанда болмаған етік жер астынан шықты ма?! Жазушы не алуға ерінді, не әдейі тастап кетті. Қош, сол қоңыр етік біздің табанда қарш-қарш қар басып, Астанаға жетті де, адресін тапты. Басқа бауырларға қандай шапағат бұйырғанын білмеймін, Кеңесбаевтың кебісін кию бақыты бұйырған деген лепес жетіп жатыр бізге.
Екінші өмір басталды
«Ұлы Семейде жүрген жазушыны көрмей жатып қоңырау шалатын мені Гүлмира апайға «Лениннің бәтіңкесін» оқыған бала» деп сырттай таныстырып тастапты. Тіпті «Қасқырдың суреті» алғаш Абай.кз сайтында жарияланғанда «айттым ғой, хабарласады» деп мәз болғанын кейін айтатын. Талғат ағаның жұлдызы 1988 жылғы «Жігер» фестивалінде «Француз әтірінің иісімен» жанды. Осы шығармасына ат таппай қиналғанда «бетін жуған Шаған суының өр жағында аяғын жуған» Тұрсын аға әдемілеп қойып беріпті. Алғашқы кітабы «Француз әтірінің иісі» «Олар екеу едіге» ұласты. Бар деп таспайтын, жоқ деп аспайтын сүйікті оқырман қолында тозған кітап болды бұл. Баспагер ағамыз Қайырды Назырбаевтың үйіне күрделі жөндеу жүргізген құрылысшы жігіттер де қолтығына қыстырып алатын шығармаға айналды. Құрылысшы жігіт Жарқыннан өтіп, полиция қызметкері Айдын достың алдынан бір-ақ шығады. Осы «мент» Айдын күндердің бір күнінде Тәкеңнің төрінен табылды, ол «тоқтының еті топырақ татып…» деп «Олар екеу едідегі» «Көкпардан» үзінділер оқыса, жазушы шалқасынан түседі. Сөйтіп, оқырман мен жазушы бірін-бірі тауып жарасып қалушы еді.
Екінші ұлдың тұсауын жазушыға кестірдік. Қазақы ырым. Ет-жақын ағайындарым тұсаукесерді сәтті өткізген Талғат ағаға көрсетілген қошемет, соғылған алақан шапалағы біразға дейін толастамаған еді. Жұрт төбесіне көтеріп, құрметтеп жатқанда осы жолдар авторының көзіне еріксіз мөлтіл жас үйірілген еді.
Енді аға ретінде, азамат ретінде, адам ретінде Талғат Кеңесбаев арамызда жоқ. Дүниеден өткен күні жұрт қоштасып жатқан кезеңде миымыз дыңылдап, құлақ түбінде «ол тірі» деген сөз сусылдап-ақ тұрды. «Қоштасқым келмейді» дедік. Адам Талғаттың өмір талқаны таусылғанымен, жазушы Кеңесбаевтың өмірі енді басталды. Өзі естімей қалған, қалқайып алдымызда жүрген кезінде айтылмаған мадақтар, шығармашылығы жайлы шынайы сөздер енді айтылады.
Заңғар КӘРІМХАН