«Кенесарының сүйегін қайтаруға көмектесемін»: Путин Назарбаевқа уәде етті
Ресей президенті Владимир Путин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінде Қазақстан халқына Кенесарының сүйегін қайтаруға көмектесуге уәде етті. Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Елбасының Ресей Федерациясына жасаған жұмыс сапары барысында маңызды мәселелер талқыланды. Соның бірі – қазақ халқы үшін киелі артефакт болып саналатын Кенесары ханның сүйегін табу және Қазақстанға қайтару. Нұрсұлтан Әбішұлы Ресей президентінен осы жұмысқа ықпал етуді сұрады», — дейді Үкібай.
Назарбаев қазақ халқы үшін соңғы ханның сүйегін тауып, туған жерінде жерлеу өте маңызды екенін жеткізген. Сонда оның жаны жай табатынын айтты.
«Владимир Владимирович Путин Қазақстанның тұңғыш президентіне ресейлік тарап жан-жақты көмек көрсететінін хабарлады. Путиннің айтуынша, артефакт табылады және Қазақстан халқына қайтарылады», — деп атап өтті Елбасының баспасөз хатшысы.