Кенесары ханның басы Венециядан табылды
Танымал журналист Жанат Бақыттың сіңлісі Зарина Бақыт Венецияда Қазақ хандығының соңғы ханы Кенесары Қасымұлының бас сүйегі салынған қорап табылғанын айтты.
Бұл туралы inbusiness.kz cайты хабарлады.
«Венецияда су тартылды. Қазір астынан кілттеніп тұрған ағаш қорапты тапты. Ішінен бас сүйек шықты. Бірақ тапқан адамдар әзірге кімдікі екенін білмейді. Уақыт керек. Экспертиза жасалынады. Түркілерге тиесілі екені белгілі болады. Біз оны екінші рет жоғалтып алмауымыз керек. Ортада басқа елдің адамдары алғысы келеді. Жол бермеуіміз керек» деп жазды Зарина Бақыт.
Айтуынша, енді Кенесарының рухы бостандыққа шықты. Сол себепті «қазақ елінің жұлдызы жанып, береке орнайды».
Айта кетелік, өздерін регрессолог атайтын Жанат Бақыт пен оның сіңлісі Зарина Бақыт екеуі алаш аруақтарымен сөйлескенін айтып, осы бағытта көріпкелдік болжамдарын жиі жариялап келеді.
Қазіргі таңда бұл туралы әлеуметтік желідегі көпшіліктің пікірі екіге жарылды. Бірі регрессологтардың секта екенін айтып, бас тартуға шақырса, екінші бір топ мұны рухани бағыт ретінде сенуге болатындығын айтады.
Жанат Бақыт – белгілі журналист, сән үйінің жетекшісі. Ол былтырдан бері реинкарнация құбылысының бар екендігін айтып, көпшілікті сенуге шақырып келеді. Оның айтуынша, гипноз арқылы адам өткен өміріндегі оқиғаларды еске түсіре отырып, келешегін анықтай алмақ.
Дегенмен мамандар регрессия әдісін беделі мен маңызы жойылған тәжірибе ретінде атайды.