Кене шаққанда не істеу керек және не істеуге болмайды
Кене шаққан кезде не істеу керек екенін Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз
Дәрігерлердің айтуынша, кененің шағуы адам өміріне қауіп төндірмейді. Алайда кененің сілекейімен бірге қанға түсетін вирустар аса қауіпті. Оның салдарынан адам кенелік энцефалит және Конго-Қырым геморрагиялық безгегін жұқтыруы мүмкін.
Қауіпті жәндік жиі кездесетін жерлер
Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында көктем-жаз айларында кенелер жиі кездеседі. Сондай-ақ таулы аймақ болып саналатын Қатон-Қарағай ауданында да жұқпалы ауру таратушы жәндікті жиі кездестіруіңіз мүмкін.
Кене шаққан кездегі басты белгілер
Кене шаққан кезде адамның басы қатты ауырып, дене қызуы 37-39 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Тіпті, дене қалтырап, тері бөртіп қызаруы да мүмкін. Сондай-ақ бұлшықет ауырып, адамның тыныс алуы қиындайды. Адамның тамаққа деген тәбеті жоғалып, жиі шаршайды.
Кене шақса, не істеу керек?
Дәрігерлердің айтуынша, кененің негізгі қорегі – қан. Сондықтан бұл жәндіктер адамдар мен жануарларды қан сору үшін шағады. Ол адамды шаққан кезде, сілекейімен бірге қанға жұқпалы вирустар енуі мүмкін. Бұл – адам өміріне өте қауіпті. Тіпті адам өліп кетуі мүмкін. Теріге енген кенені бірден алып тастау оңай емес. Сондықтан дәрігердің көмегі қажет.
Егер дәрігерге қаралуға мүмкіндік болмаса, теріге жабысқан қауіпті жәндікке вазелин жағып немесе өсімдік майын құю керек. 5 минуттан кейін пинцет немесе жіп ілгегінің көмегімен кенені тартып аласыз. Бірақ дәрігерлер өте сақ болуға кеңес береді. Қан сорып жатқан кенені тұмсық астынан жіңішке жіппен байлап, асықпай, кене мұртшаларын толық шығарғанға дейін ақырын тарту қажет.
Егер кененің басы толық шықпай теріде қара дақ түрінде қалып қойса, бірден дәрігерге бару керек. Қауіпті жәндікті теріден алған соң, оның орнын йодпен немесе спиртпен зарарсыздандырған жөн. Сондай-ақ қолды мұқият жуып, оны йод немесе спиртпен сүрту керек. Өйткені кене қан сорған кезде оның жұқпалы вирустары денеде қалып қою мүмкін.
©
Sputnik / Игорь Зарембо
Зертханада кенелерді зерттеу сәті
Кенені денеден алған соң, оны өртеп жіберген дұрыс. Қайнаған суға салуға да болады. Осыдан соң, адамның 3 апта бойы өз денсаулығына мұқият болғаны жөн. Аурудың белгілері анықталған жағдайда (дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік) бірден дәрігерге тексерілу қажет.
Мамандар кене алатын құралды «тиквестер» деп атайды.
Кене шаққанда не істеуге болмайды?
Дәрігерлер кене шаққан кезде 3 әрекетті жасамауға кеңес береді:
- терідегі кенені сықпау керек. Себебі, кенеде қауіпті вирустар бар. Ол қолдың ашық жаралары немесе тыртықтар арқылы адам ағзасына енуі мүмкін;
- теріге жабысқан кенені жұлмау керек. Өйткені, оны жұлған кезде жәндіктің басы теріде қалып қояды. Салдарынан, жәндіктің улы сөлі адам ағзасына тарайды;
- кенені тіспен жұлуға да болмайды. Қоздырғышты жұқтыру қаупі жоғары болады.
Кенеден қалай қорғану керек?
Қауіпті жәндіктер шөптің, бұталардың, құлаған ағаштардың арасында болады. Сондықтан табиғат аясына демалуға шыққанда жабық аяқ киім киіңіз. Шалбардың балағын шұлықтың ішіне, ал жейде немесе футболканы шалбардың ішіне салыңыз. Баскиім киюді де ұмытпаңыз.
Кене адам терісіне жабысқан соң, жарты сағаттай шағатын жерді іздейді.
Тағы оқыңыз: Ішінде кене құжынаған нанды жеп қойған әйел ажал аузынан қалды
Дәрігерлердің айтуынша, кене көбіне бас, мойын, қолтық, тізенің астын шағады екен. Сондықтан бұл кеңесті жадыңызда ұстасаңыз, кененің шағуын алдын алу мүмкіндігіңіз болады.
Сонымен қатар қауіпті жәндіктерден қорғайтын кремдер мен спрейлерді пайдаланыңыз. Кене энцефалитіне қарсы екпе салуға да болады. Бұл вакцинация әдетте қыста жасалады.
Айта кетейік, кене энцефалиті адамнан адамға жұқпайды, онымен ауырған адам қоғамға қауіпті емес.
sputniknews.kz