«Келісімшарт бұзылды»: Атышулы «Ninety One» мен Ерболат Беделханның жолы екіге айырылды (фото)

0
1010

«Ninety One» тобы мен Ерболат Беделханның «JUZ Entertainment» компаниясы арасындағы келісімшарт бұзылды. Қос тарап бұл ортақ шешім екенін жеткізді. Бұл туралы топ мүшелері мен Ерболат Беделхан баспасөз мәслихаты кезінде хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ерболат Беделхан енді ресми түрде «Ninety One» тобының продюсері емес. Қос тарап аяқталуына жарты жылдай қалған келісімшартты уақытынан бұрын тоқтатуды шешкен. Олар ортақ жұмысты ары қарай жалғастырмауға не себеп болғанын түсіндірді.

«Жігіттермен жұмыс істегенімізге сегіз жыл болды. Бұл сегіз жылда көптеген белестен өттік, шығармашылықты шыңдадық. Осы аралықта түрлі оқиғалар, жеңістер, жетістіктер болды. Ал қазіргі продюсер мен топтың арасындағы келісімшарттың бұзылу себебі мынадай болды. Оған ары қарай біздің жоспарымыздың екі жаққа бөлінуі себеп. Балалардың өз бағытында жұмыс істейтін, компанияның басқа жаққа бет бұрып жұмыс істейтін жоспары бар. Сондықтан, төрт ай бойы сөйлесе келе, сондай шешім қабылдадық. Әрине, оларды қимаймын. Өзім қобалжу үстіндемін. Бұл — оңай емес», — деді топтың енді бұрынғы продюсері Ерболат Беделхан.

Ал топ мүшелері көптің көкейіндегі басты сұраққа жауап берді. «Ninety One» тарамайды. Топ өз жұмысын ары қарай продюсерсіз жалғастырмақ. Әншілер алдағы уақытта өздерін жаңа қырынан көрсетіп, жанкүйерлерін жаңа туындыларымен қуантуды жоспарлап отыр.

Топтың ресми аты мен әндердің авторлық құқығы да толығымен «Ninety One»-да қалды. Сонымен қатар, топ мүшелері наурызда Америкаға кету жоспары туралы да айта кетті. Олар әлемде болып жатқан жағдайларға байланысты әзірге бұл істі кейінге қалдырғанын айтты.

Сондай-ақ, еліміздегі «qpop» бағытының негізін қалаушылар топтың бұрынғы мүшесі Азамат Зенкаевтың оралуына қатысты да жауап берді. Жігіттер оны құрамға қайта қосуды қарастырмағанын жеткізді. Алайда егер «AZ» өзі ұсыныс жасап келсе, оны топқа қайта қосу мүмкіндігі жоқ емес екендігін де еске салды. Баспасөз мәслихаты соңында Ерболат Беделхан мен «Ninety One» мүшелері бір-біріне алғысын жаудырып, рахмет айтты.