Келешекті көре білген көшбасшы

0

Мыңжылдықтар тоғысқан алмағайып тұста тәуелсіздігін алған Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрік­менстан қатарлы түркі ел­дері бүгінде өз жолдарын ай­қын­дап, іргесі бекіген дербес мемлекеттерге айналды. Бұлардың ішінен Қазақстан таңдаған жол көптеген сарапшылардың қызы­ғушылығын туғызып отырғаны жасырын емес. Әлбетте, осы орайда түркі дүниесінің бүгінгі кемеңгері, Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша еңбегін атап өткеніміз абзал. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы 25 жыл ішінде сыртқы сая­­сатта және халықаралық аренада көптеген игі істер мен жо­­ба­лардың бастамашысы болды. Осыдан 30 жыл бұрын КСРО құрамын­дағы Қазақстан 104 континен­тара­лық зымыраны бар, әлем карта­сындағы үш ірі ядролық қару орталығының бірі болса, бү­гінгі таңда әлемдегі бейбіт­шілікті жақ­тайтын интегра­циялық үде­рістердің іргелі орталығына айнал­ды. Кезінде Орталық Азия мем­лекеттерінің одағын құру мә­селесін де Нұрсұлтан Назар­баев көтерген болатын. Бұдан бөлек, қазір­гі күнде табысты жұ­мыс істеп тұрған Еуразиялық эко­но­ми­­калық одақтың бастамашысы да Нұрсұл­тан Назарбаев екені белгілі. 

Сонымен қатар ол әлемдік қоғамдастықта кең танылып, салмағы артып келе жатқан Әлем­­дік және дәстүрлі дін­дер көш­­бас­шыларының съезін тұрақ­ты өткізу арқылы Астананы шын мәнісіндегі бейбітшілік­тің бе­сігіне айналдырды. Өрке­ниет­тер қақтығысы және дін­аралық жанжалдар өрістеп тұрған жаһан­дану жағдай­ын­дағы бүгінгі әлемде мұндай алқалы жиын арқылы дін лидер­лерінің өзара үнқатысуына жағ­дай жасау – өте қажет әрі өзекті. Дін­ба­сы­лардың Астанадағы жиы­ны­ның уақыт өткен сайын ықпалы артып, кең танылып келеді. 

Сонымен қатар 2006 жылы Түркітілдес елдердің пар­ла­ментаралық ассамблеясын (Түрк­ПА) құруды да Қазақстан Пре­зиденті ұсынған болатын. Нәтижесінде бүгінгі күні ТүркПА іргелі халықаралық институтқа айналып, НАТО, Еуропа Кеңе­сінің Парламенттік ассамблея­сы (ЕКПА), Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік ассамблеясы (ЕҚЫҰ ПА) қатарлы беделді халық­аралық ұйымдармен әріп­тестік байланыс орнатты. Бұл түркі дүниесіндегі парламент­аралық байланысты жүзеге асырып отырған бірден-бір ха­лық­аралық институт болып саналады. 

Қазақстан – Орталық Азия мемлекеттері ішінен алғашқы бо­лып, көршілерімен шекара мәселесін түбегейлі шешіп, ел­дің қауіпсіздігін толыққанды қам­тамасыз еткен ел. 

Н.Назарбаевтың бастамасымен Түркі тілдес мемлекеттер бас­­шы­ларының ынтымақтастық кеңе­сі құрылып, тұрақты хат­шы­­лығы жұ­мыс істей бастады. Осы ұйымның Қазақ­стан төр­аға­лығы тұсында Аста­на­да өт­кен саммитінде Түркі әлемі ин­те­­грациясының тұжы­рым­дама­сын жасау тапсырылған еді. Бұл құжатты Халықаралық Түркі академиясы сәтті дайындап шықты. 

Түркі кеңесіне Қазақстан­ның төрағалығы кезінде түркі дүние­сіндегі ғылым және білім беру мәселелеріне тереңірек мән беріліп, «Ортақ түркі тарихы» оқулығы әзірленді. Ол бү­гін­­де Әзербайжан, Қазақ­стан, Қыр­ғызстан және Түр­кия мек­тептерінің оқу бағдар­ла­ма­сына енгізілуде. Бұдан бөлек Халықаралық Түркі академия­сы тоқсаннан астам ғылыми еңбек басып шығарып, түбі бір тарихымыз бен рухани мұра­ларымызды түгендеуде. Бір­неше мыңдаған жылдық бай мұрамызды қамтыған «Аталар мұрасы» атты үлкен портал іске қосылды. Порталға қырғыз хал­қына қатысты еңбектердің де енгені біз үшін үлкен қуаныш. 

Бұған қоса Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен «Заманауи Ұлы Жібек жолы» жобасы қолға алынды. Бұл жо­баның мақсаты Ұлы Жібек жо­лын­­да орналасқан өлкелер­дің ба­йырғы тарихы мен мәде­­­ние­тін айта жүріп, киелі жер­лерді аралап, зиярат қылып, ел­дері­міздің туризм саласының дамуы­на серпін беру екен. Ме­нің­ше, бұл жобаның біздің ел­дері­мізге бе­рері мол. Оған түркі дү­ние­сі­нің ғалымдары мен саяхат­шы­­лары ғана емес, іскер адамдар да қызығады деп ойлай­мын. Атап айтқанда, біздің Қыр­­ғыз­­стан­ның Сүлейментау, Ақ-Бешім, Бурана, Таш-Рабат сияқ­­ты тари­хи жерлеріне турис­тер­­­­дің қы­зы­­ғу­шылығын арттыру эко­­но­­м­и­ка­мыз­ға да оң ықпалын тигізер еді. 

Биылғы саммитте Қыр­ғызстан Президенті Соо­ронбай Жээнбеков: «Бұл уақыттың ішінде Қазақстан түркітілдес ел­дер­дің беделін арттыруда қар­­қынды жұмыс жүргізіп, мем­­ле­кеттер басшыларының келісім­де­рін толықтай жүзеге асыр­ды. Біз Қазақ­станның атқар­ған істе­рін жоғары бағалаймыз» деп еді. 

Қазақстан Президенті түркі­тілдес елдердің ақсақалдар кеңесін құруға да бастамашы болған. Бұл кеңестің құрамына әр түркі елінен мемлекет және қоғам қайраткерлері арасынан бір-бірден өкіл кіреді. Олар мем­лекеттер басшыларының сам­миттері арасында өзекті мәсе­лелерді талқылайтын болады. Мұны түркі елдеріне дәс­­түрлі болған ақсақалдар инс­­ти­ту­ты­ның рухани мүмкін­ші­лі­гін дұ­рыс пайдалану және өткені­мізге көрсетілген құрмет деп білеміз. 

Қорыта айтқанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз мемлекетінің ғана емес, бүтін аймақтың және түркі дүниесінің келешегін көре білген данышпан көшбасшы екені даусыз.

Каныбек ИМАНАЛИЕВ, 

Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты, саясаттану ғылымдарының докторы

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз