Келешек ұрпақ үшін аса қажет
Тіл тағдыры тікелей сол ұлт пен ұлт басындағы рухани толысқан тұлғалардың қолында деп топшыласақ, Елбасы осы үрдістен шығып отыр. Халқының үлкен жанашыры ретінде ана тілімізді сақтаудың бір жолы ретінде әліпбиді латын қарпіне көшіруді ұсынды. Біздің міндет ел ісін менікі, сенікі деп бөліп қарамай, біртұтас бірлікте жүзеге асыру.
Тарихқа шолу жасасақ, қазақ халқы даму барысында 5-6 әліпбиді басынан өткізген. Мәселен, Түркі заманында Орхон-Енисей ескерткіштерінде ежелгі түркі жазуы немесе руна жазуын (сына) қолданған. Есік қорғанынан табылған Алтын адам жанында күміс тостаған табылып, сыртқы қабырғасында 26 таңбадан тұратын жазу болған. Оны атақты филолог Алтай Аманжолов оқыған кезде былай деп аударады: «Аға саған ошақ, жат тізеңді бүк, халықтың қарны тоқ болғай». Одан кейінгі VІІІ ғасырда көшпелі түрік тайпаларының басым бөлігі мұсылман дінін қабылдады және Х ғасырдан бастап түріктің сына жазуы ығыстырылып, араб алфавиті қалыптасып, берік орнықты. ХХ ғасырдың басындағы аумалы-төкпелі саяси оқиғаларға байланысты 1920 жылы Кеңес өкіметі орнағаннан кейін 1926 жылы Ахмет Байтұрсынұлы араб әліпбиін реформалап, төте жазудың негізін қалады. Сөйтіп 1926 жылдан 1929 жылға дейін араб алфавитінің қазақшаға икемделген төте жазуын қолдандық. Мысалға Қытайдағы қандастарымыз әлі сол алфавитті қолданып келеді. Кеңес өкіметі 1929 жылы латын алфавитіне ауыстырды, ал 1940 жылдан бастап қазіргі қолданыста жүрген кирилицаға өзгертті. 1991 жылы КСРО империясы ыдырап 15 одақтас республика әрқайсысы жеке-жеке тәуелсіздік алғаннан кейін, түркітілдес бауырлас, қандас ел Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан латын алфавитіне көшті. Ендігі жерде біз де осы үрдісті қолға алып, біртіндеп латын қарпіне көшкелі отырмыз. Тілші қауымының ғылыми негіздегі дәлелдеріне сүйенсек те, жаһандану заманындағы қоғам беталысына үңілсек те, дамыған 30 елдің қатарына ену үшін де, елімізді әлемге таныту үшін де, қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін де латын графикасына көшудің артықшылығы өте зор. Ең бірінші, болашақ балаларымыз үшін ауадай қажет.
Латын таңбасына көшу бір жылдың немесе бір күннің мәселесі емес. Елбасы ұсынысынан кейін филолог ғалымдарымыз тынымсыз еңбек етіп жатыр. Латын қарпіне көшу мәселесіндегі ең алғашқы іс-әрекеттер тілші қауымының латын әліпбиіне көшкен мемлекеттердің іс-тәжірибесін зерттеп-зерделеуі. Ондағы мақсат жалпы латын таңбасын қабылдаған кезде қандай қиыншылықтар болды, ерекшеліктері неде, артық тұстары қайсы деген сауалдарға жауап алу. Осының бәрін елеп-екшелеп, нақты бір шешім шығару. Осы мақсатта алдыңғы елдердің жіберген қателіктерін қайталамас үшін жаңа әліпбидің бірнеше нұсқасы ел талқысына ұсынылды, көптің пікірі ескерілді. Соңғы нұсқасы 2018 жылдың 19 ақпанында Елбасы Жарлығымен қабылданды. Жаңа латын негізді қазақ әліпбиінде 32 таңба бар. Кирилл әліпбиіндегі 42 таңбаның 10 таңбасы, яғни орыс тіліндегі барлық таңба алынды. Жаңа әліпбидің негізгі ерекшелігі диакритикалық акут және екі дыбыспен берілетін диграфта деп ойлаймын. Елбасы: «Латын жазуына көшудің терең қисыны бар. Олар қазіргі технологиялық ортаның, қазіргі дүниежүзіндегі коммуникацияның, ХХІ ғасырдағы ғылым мен білімнің ерекшеліктері» деген болатын. Ғаламтор дамыған заманда жаңа әліпби арқылы ақпараттар кеңістігіне еркін кіруге болады. Өйткені жаратылыстану, технология, медицина, туризм, ғылым мен мәдениет салаларында дәл осы латын әліпбиі кеңінен қолданылады. Осы саладағы білімімізді тереңдету үшін, шетелден іс-тәжірибе алу үшін, озық технологиясын меңгеру үшін бізге латын графикасы ауадай қажет. Оған қоса, шетелдегі қандастарымыздың да, жалпы тәуелсіз мемлекетіміздің тыныс-тіршілігімен танысқысы келген әлем халықтары үшін де, өз еліміздің мәртебесін көтеру үшін де латын қарпіне көшкеніміз орынды деп санаймын.
Елбасы жуырдағы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауды ұсынды. Онда Президент ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізуді тапсырды. Ал осы архивтердегі шаң басып жатқан тарихи жазба мұрағаттар латын әліпбиінде жазылғанын ескерсек, қалай ғана латын графикасы керек емес деп айтамыз. Шетелдік архивтерде түп-тамырымызды анықтайтын, ата-бабаларымызды танытатын, елдігімізді айқындайтын қаншама тың деректер жатыр. Латын әліпбиіне көшсек, құнды деректердің бәрін біртіндеп халық назарына ұсынар едік.
Жалпы, латын негізді қазақ әліпбине көшудің маңыздылығы туралы әлі де түсіндірме жұмыстарын жүргізуіміз керек. Қарапайым халықтың түсінігін, көзқарасын өзгертуіміз қажет. Ғалымдарымыз жаңа әліпбиге байланысты ізденіп, түрлі ұсыныс, еңбектерін жазып жатыр. Сол жұмыстарды бағалап, ел болашағы үшін қабылданған шешімге қолдау көрсету керек екенін ұғындыруымыз абзал. Жақсыны үйренбекке ұмтылуымыз бәріміз үшін тиімді болмақ.
Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты
Дереккөз: http://egemen.kz/