Келешегі кемел үнқатысу | «Айқын» газеті

0

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Канаданың генерал-губернаторы Жюли Пайетпен кездесті. Төраға мәртебелі мейманның Қазақстанға сапары екіжақты ынтымақтастыққа елеулі түрде серпін беретін маңызы зор оқиға екенін атап өтті.

Қ.Тоқаев біздің елдеріміздің көптеген ортақ сипаттары бар екенін, оның өзі сауда-экономикалық, мәдени-гуманитар­лық, энергетика, ауыл шаруашылығы, технологиялар, білім беру және аэро­ғарыш салаларындағы ынтымақ­тас­тық үшін мүмкіндіктер ашатынын айтты.
Ж.Пайетт бортында канадалық астронавты бар ғарыш кемесі ұшқан Байқоңыр ғарыш айлағына барған сапарынан алған әсерімен бөлісті және Канада жағының Қазғарыш мекемесімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою ниеті бар екенін хабарлады.
Жоғарғы палата төрағасы Қазақстан­ның саяси жүйесіндегі Сенаттың рөлі және Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыру бағдарламаларын іске асырудағы депутат­тардың жұмысы туралы мейманды хабардар етті.
Жүздесушілер Қазақстан мен Канада арасындағы парламентаралық үнқатысу­дың келешегі туралы пікір алмасты. Қ.Тоқаев екі елдің заң шығару органдары­ның байланыстарын дамытуға Сенаттың мүдделі екенін және ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы мен Парламентаралық одақта Канада парламентшілермен өзара нәтижелі іс-қимылды атап өтті. Сенат басшысы өзінің канадалық әріптесіне Астанаға ресми сапармен келуге шақы­руын жолдады.
Ж.Пайетт өз кезегінде Қазақстанмен екіжақты күн тәртібіндегі ауқымды мәселелер бойынша, сондай-ақ көптарап­ты ынтымақтастық аясындағы байланыс­тарды дамытуға Канаданың мүдделі екенін нақтылады. Атап айтқанда, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлану жөніндегі Оттава науқаны тұрғысында Генерал-губернатор осы халықаралық ірі ұйымдағы жоғары орган­ға қатысуын аяқтап жатқан Қазақ­стан­ның тәжірибесіне ықылас білдірді.
Қ.Тоқаев Астананың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі басымдықтары, ядролық қаруды таратпау және жаһандық қауіпсіздік жөніндегі Президент
Н.Назарбаевтың бастамалары туралы канадалық делегацияны хабардар етті. Сенат төрағасы адамзат өміріндегі көкейкесті мәселелерді шешу үшін конфессиялар мен саяси көшбасшыларды бір үстел басында біріктірген дүние­жүзіндегі өкілді алаң болып табылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер ли­дер­лерінің VI cъезінің қорытын­дыларымен бөлісті. Сондай-ақ форум жұмысына әр жылдарда БҰҰ Бас хатшысы, мемле­кеттер басшылары, дүние жүзіне таны­мал саясаткерлер қатысқанын, оның ішінде Канаданың бұрынғы Премьер-министрі Жан Кретьен де болғанын айтты.

Айхан Шәріп