Келер жылы ШҚО-да қандай жолдар жөнделеді?
Фото: altaynews.kz
Астана, BAQ.KZ. Келер жылы ШҚО-да қандай жолдардың жөндеуден өтетіні белгілі болды. Бұл туралы altaynews.kz сайты хабарлайды.
ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында 2019 жылғы орташа жөндеуден өтетін нысандардың тізімі құрылған екен. Олардың ішіне Өскемен-Самар тас жолын жаңарту да кіріп отыр.
Аталмыш тізім облыстық әкімдікте өткен жиында таныстырылды.
«Онда жалпы сомасы 3,8 миллиард теңгені құрайтын облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың 180 шақырымы кіреді, соның ішінде жалпы сомасы 1,4 миллиард теңге болатын Өскемендегі және Аягөз, Зайсан, Зырян, Тарбағатай, Үржар аудандарындағы аудандық маңызы бар жеті жол», — деп мәлімдеді басқарма басшысының міндетін атқарушы Нұржан Жұмаділов.
Негізгі екпін аудан орталықтарын өзара және басқа елді мекендермен байланыстыратын жолдарды қалпына келтіруге жасалған.
Атап айтқанда, келер жылы Ақтоғай-облыс шекарасы, Семей-Қарауыл, Бородулиха-Жезкент, Шүлбі-Жаңа Шүлбі, Өскемен-Самар, Үлкен Нарын-Күршім, Жамбыл-Дайыр-Көкжыра, Парыгино-Кутиха, Мақаншы-Келдімұрат тас жолдары және Жаңа Ахмер кенті мен Тарбағатай ауданына қарасты Жетіарал ауылына апаратын кірме жолдар жөнделеді.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ